×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Антифрод-орталығы: Ұлттық банк онлайн-алаяқтарға қалай тойтарыс бермек?

09.07.2024, 11:04
Антифрод-орталығы: Ұлттық банк онлайн-алаяқтарға қалай тойтарыс бермек?
Коллаж: Ulysmedia.kz

Интернет-алаяқтарға қарсы профилактикадан басқа тиімді шара жоқ екенін ашық мойындайтын құқық қорғау органдарына Ұлттық банк көмекке келмек. Бір ай бұрын ол барлық қаржы ұйымдарын, құқық қорғау органдарын және ұялы байланыс операторларын біріктіретін Антифрод-орталығын құратынын жариялады. Бұл орталық ғаламтор кеңістігінде әрекет етіп, күн сайын халықты несие құлдығына тартып жатқан алаяқтарға қарсы тұру үшін құрылмақ. Ұлттық банктің бұл инновациясы не және ол онлайн-алаяқтардан қорғай ала ма?  Ulysmedia.kz тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.

Антифрод-орталығы деген не?

Антифрод-орталығын құру туралы ресми баспасөз хабарламасы Қазақстан Ұлттық Банкінің сайтында осы жылдың 4 маусымында жарияланды.

«Антифрод-орталығы қаржы ұйымдары, құқық қорғау органдары, сондай-ақ ұялы байланыс операторлары қосылатын технологиялық платформа болады. Платформа қаржы нарығының субъектілері арасында алаяқтық операциялар, оның ішінде күдікті операциялар бойынша нақты уақыт режимінде тиісті таңбалаумен деректер алмасуды қамтиды », - деп жазылған Ұлттық банктің баспасөз хабарламасында.

Антифрод-орталығының негізгі міндеті «азаматтардың қаражатын алаяқтық операциялардан қорғау, алаяқтық транзакцияларға жедел ден қою және оларды уақтылы бұғаттау» екені айтылған. Платформа 22 шілде күні іске қосылатыны жарияланды. Дәл осы күні цифрландыру мәселелері бойынша жаңа заң күшіне енеді.

Биометриялық технологиялар...

Ұлттық банктің IT мамандары алаяқтыққа қарсы орталықта алаяқтық операциялар туралы мәліметтер жинақталатынына, ал екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының күдікті транзакцияларды нақты уақыт режимінде бұғаттау мүмкіндігі болатынына сендіріп отыр. Қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары жалған транзакцияларды анықтап, оларға жедел ден қоюға, олар үшін қаражатты бұғаттауға және үздіксіз ақпарат алмасуға мүмкіндік алмақ.

Сонымен қатар, идея авторларының пікірінше, мұндай платформаны құру жалған транзакциялардың бірыңғай деректер базасын және төлем операцияларының аналитикасын құруға және жүргізуге мүмкіндік береді. 2024 жылдың 20 тамызынан бастап клиенттің биометриялық сәйкестендіруінсіз онлайн банктік несиелер мен онлайн микрокредиттерді беруге заңнамалық тыйым күшіне енеді. Бас қаржы реттеуші заң бойынша интернетте несие бергенде liveness тексерісін жүргізбек. Бұл жүйе алаяқтар адамның жеке кабинетіне кіру үшін, мысалы, банктік шоттарға қол жеткізу үшін басқа біреудің дауысының немесе фотосының жазбаларын пайдалануға тырысқанда, нақты адамды тануға мүмкіндік беретін технология. Биометриялық liveness технологиясының арқасында мұндай шабуылдарды болдырмауға болады.

Ұзақ, бірақ қауіпсіз бе?

Биыл Egov порталында несиелерден ерікті түрде бас тарту функциясы іске қосылды. 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, осындай бас тартуға қол қойған қазақстандықтар өз атынан алаяқтар несие рәсімдесе, несиені өтеуден босатылады.

Полицейлер онлайн алаяқтардың «кредиттік шоппингке» бейімділігін бұрыннан айтып жүр. 2022 жылдың қазанына дейін несиелік тарихты жаңарту 15 күн ішінде жүзеге асырылатын. Енді жаңа берілген қарыздар туралы мәліметтерді 1 жұмыс күні ішінде кредиттік бюроға беру міндетті болды, ал қарыз алушылар туралы кез келген ақпаратты жаңарту 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылды.

Осылайша, клиенттер немесе алаяқтар қысқа мерзімде бірнеше қаржы институттарында несие ала алатын «кредиттік шоппинг» жағдайларының саны азайды, бірақ жойылмады, себебі алаяқтар тезірек әрі батыл әрекет ете бастады. Осы жылдың 1 қазанынан бастап енгізілетін несиелік тарихты «нон-стоп» режимінде жаңарту онлайн алаяқтардың қылмыстық әрекеттерін айтарлықтай қиындатады, деп санайды банкирлер мен полицейлер.

Еңбек осыған татиды!

Жаңа заң несие берушілерді алаяқтық несиелер бойынша тергеу іс-шаралары жүргізілген кезеңде сыйақы есептеуді және талап-арыз жұмыстарын тоқтатуға міндеттейді. Алаяқтық фактісі сотпен анықталған жағдайда, банк немесе МҚҰ клиентке талап қоюды тоқтатуға тиіс. Бұл жаңалықтарды қазақстандықтар, сондай-ақ қаржы саласының сарапшылары жақсы қабылдады.

«Мен жаңалықтардан түсінгенім бойынша, орталықтың басты мақсаты күмәнді транзакцияларды онлайн бұғаттау үшін алаяқтық операциялар мен субъектілер туралы деректерді жинау болады. Бұрын АРРФР-де көп ақпарат болды, бірақ өкілеттіктер аз болды, және оларға ақшаны кейін іздеуге құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінуге тура келді. Көп жағдайда келесі күні ақшаны іздеу пайдасыз болар еді», - дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.

Қаржы сарапшысы Ұлттық банктің Антифрод-орталығын құру бастамасын жақсы бағалады.

«Несиені беру кезінде алаяқтардың басқа адамдардың фотосуреттері мен дауыстарын пайдалануын тексеру енгізілген кезде, несие заңсыз берілсе, несие рәсімделген адам оны төлеуден босатылады. Бұл несиені беру кезінде тексеруді сәл ұзағырақ етеді, бірақ қауіпсіз қылады. Мұндай шаралар қаржылық операциялардың қауіпсіздік деңгейін және қаржы институттарына деген сенімділікті арттырады. Шын мәнінде, банктер бұл құралдардың бір бөлігін қазірдің өзінде белсенді пайдаланып жатыр. Кейбір банктерге бөлшек саудаға белсендірек ену үшін IT-инфрақұрылымға инвестиция салу қажет болуы мүмкін, бірақ еңбек соған татиды», - деп қорытындылады Рысмамбетов.

P.S. Ұлттық банктің интернет-алаяқтықпен күресудің жаңа әдістері, әрине, прогрессивті және жақсы. Мәселе тек заңнамалық түзетулердің шын мәнінде қалай орындалатынында, Антифрод-орталықтың қаншалықты «үздіксіз» жұмыс істейтінінде және Ұлттық банк құрған платформа онлайн алаяқтар бірден қолданатын күн сайын жетілдірілетін IT-технологияларға қаншалықты жедел жауап бере алатынында болып отыр.