Туризм және спорт министрлігі Қазақстандағы лудомания мәселесіне түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЛУДОМАНДАРДЫ ЕСЕПКЕ АЛУ
Вице-министр Мирас Төлебаев көбіне тәуелді азаматтардың динамикалық есепке алудың салдарынан қорқып, мемлекеттік ауруханаларға көмекке жүгінбейтінін айтты.
"Лудомандардың мемлекеттік клиникаларға көмекке жүгінбейтіні құпия емес. Оның себебі - мұндай науқастарды динамикалық есепке алу. Есепке алынған азаматтар жоғары оқу орнына түсе алмайды, әскерде қызмет ете алмайды немесе жұмысқа орналаса алмайды", - деді ол.
Вице-министр бүгінгі күні ресми есепте небәрі 19 лудоман тұрғанын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай статистика нақты жағдайды көрсетпейді.
ЖЕКЕ ҰЙЫМДАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
"Науқастардың көпшілігі өте көп ақша жұмсап, жеке ұйымдарда оңалтудан өтеді. Жеке мекемелердің бақылаусыз және жабық болу мәселесі бар. Енді анонимділік мемлекеттік клиникаларда да қамтамасыз етіледі", - деді спикер.
Осыған байланысты лудомандарды диспансерлік есепке қоймай емдеудің жаңа тәртібі енгізіліп жатыр.
"Бұл контингенттегі адамдарға медициналық-әлеуметтік көмек 20 аймақтық психикалық денсаулық орталығы базасында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде көрсетілетін болады", - деді Төлебаев.