Олимпиада ойындары кезінде Франция тәртіп сақшыларына сағыз шайнауға және қызмет барысында телефонға қарауға тыйым салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Франция Ішкі істер министрлігінің басшысы Жеральд Дарманен Париж полиция департаментінің шенеуніктеріне арналған брифингте Париждегі Олимпиада ойындары кезінде полиция мен жандармдардан барынша тәртіп сақтап, үлгілі болуды талап етті.
La Voix Du Nord басылымының хабарлауынша, мұндай тыйымдар елдің имиджін сақтау үшін енгізіліп отыр. Сондай-ақ қызмет кезінде ұялы телефонға да қарауға тыйым салынбақ.
«Бәріміз маңызды сәтті бастан өткеріп жатырмыз. Мұндай кезде барынша күлімдеп жүріп, сыпайылық танытудан тартынбаңыз. Өйткені біз бүкіл әлемнің бақылауында боламыз», деді Джеральд Дарманен.
Сонымен қатар 18 шілдеден бастап Парижде Олимпиаданың ашылу салтанатының антитеррорлық периметрі іске қосылатыны белгілі болды. Қауіпсіздік үшін оған ондаған мың полиция мен жеке күзетшілер жұмылдырылады.