Мамандардың зерттеуіне сүйенсек, әлемде әрбір төртінші адам маусымдық аллергиямен алысып жүр. Шырышты қабықтың маусымдық қабыну ауруы соңғы жылдары Қазақстанда да кең етек жайды. Айналамызда түшкіріп-пысқырған, мұрны бітеліп, көзі қышыған, құрғақ жөтел қысып, дем алуы қиындаған адамдар көбейді. Бұл дерттің қоздырғышы не, оның кең таралуына не себеп, шипасы бар ма? Ulysmedia.kz көпті мазалаған осы сұрақтарға жауап іздеді.
Аллергияның бірнеше түрі бар: тағамдық, тозаңдық, тұрмыстық және дәрілік, жәндіктік. Соның ішіндегі ең көп таралғаны – маусымдық аллергия, яғни тозаңдық. Бұл – сәуір айында басталып, қазан айына дейін созылатын дерт. Дәл осы кезеңде ағаштар бүршік атып, атмосфераға тозаң шығаратын өсімдіктер гүлдейді.
Аллергиядан бесіктегі баладан бастап егде жастағы қарттарға дейін зардап шегеді. Мамандар бұл дертті көбіне генетикамен байланыстырып жатады, дегенмен жүре келе пайда болуы әсте ғажап емес. Маусымдық аллергияның пайда болуына әсер ететін тағы бір фактор – тұрғылықты жер. Мысалы, егер айналада жусан өссе, онда осы тұрақты байланысқа бола жусанға сезімталдықтың даму қаупі артады.
Аллергияны нақты қай өсімдіктер қоздырады?
Ағзаның шаң-тозаңға, түрлі өсімдіктерге, гүлдерге деген реакциясын жіті зерттеген мамандар маусымдық аллергияның қозуына нақты қай өсімдіктердің себепші екенін анықтаған.
Аталған кезеңде аллергиядан зардап шегетін жандар барынша аллергендерден аулақ болуы тиіс. Екіншіден, көз, мұрын және ауыз шырышты қабаттарын шаю тәсілімен гигиенаны қамтамасыз ету. Үшіншіден көзілдірік пен бас киім кию, көлікте терезені жауып жүру сынды қарапайым шарттарды ұстану маңызды.
Белгілері қандай?
Дәрігерлердің айтуынша, маусымдық аллергияның жиі кездесетін симптомдары – тыныс алудың қиындауы, ринорея (мұрынның бітуі), түшкіру, тамақтың құрғауы немесе қышуы, көздің қызаруы, мұрын қуысының зақымдалуы.
Мамандар осы симптомдар қайталана берген жағдайда бірден аллергологқа көрінуге кеңес береді. Өйткені ағзада аллергендер көбейсе, дерт асқынып, басқа қауіпті ауруларға ұласуы ғажап емес. Мысалы, бастапқыда ринит болса, кейін ол тез арада бронх демікпесіне айналуы әбден мүмкін. Ақ халаттылардың дерегінше, бүгінде аллергиялық риниттің шамамен 40 пайызы бронх демікпесіне дейін асқынады.
Аллергиядан құлан таза айығуға бола ма?
Ел дәрігерлерінің сөзінше, қазіргі таңда маусымдық аллергияны емдеудің жалғыз жолы – аллерген-арнайы иммунотерапия(ААИТ). Бұл әдіс бойынша әуелі сынама жасалып, дәл қай шөптерге аллергия бар екені анықталады. Аллерген белгілі болған соң, сол шөптермен ем-дом жасалады. Бастапқыда денеге аллергендердің төмен дозасы енгізіліп, кейін бірте-бірте мөлшері жоғарылайды. Осылайша ағза жаттығады. ААИТ арқасында адамның жаңа реакцияларға деген әсері жойылып, аллергендерге деген сезімталдығы азаяды немесе тіпті толықтай жойылады деуге болады.
Бұл иммунотерапияның алдында тексеруден өту шарт: арнайы сынақтарға қан тапсыру және аллерголог-иммунологтың кеңесін алу. Соның қорытындысы бойынша шешім қабылданады. Жас ерекшелігі бойынша «аллергиялық вакцинация» алты жастан бастап алынады. Мамандар ААИТ дәрі-дәрмектер қабылдап емделуден әлдеқайда тиімді дейді.
Дертті жеңілдету жолдары
Қоздырғыштармен байланыс үзілсе, аллергия да басылады. Сондықтан аллергендерден қорғану – мамандар беретін ең алғашқы кеңес. Сондай-ақ:
Бұл әрекеттер маусымдық аллергияны жеңілдетуге көмектеседі. Алайда дәрігерлер нақты себебін анықтау үшін қан талдауын жасатып, арнайы ем қабылдау қажеттігін ескертеді.