×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Былтыр Қазақстанда 14 жасқа толмаған 11 қыз босанған

26.07.2024, 14:18
Былтыр Қазақстанда 14 жасқа толмаған 11 қыз босанған
Фото: Pixabay

Былтыр Қазақстанда кәмелетке толмаған 1508 жасөспірім қыз ана атанған. Олардың ең кішісі 12 жаста, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Zakon.kz ерте жүктілік пен кәмелет жасқа дейін босанудың маңызды аспектілері туралы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас бала гинекологы Елена Лущаевадан сұхбат алған. Онда маман әйел ағзасы 18 жасқа дейін жүктілікке дайын болмайтынын айтады. 

АҒЗА ДАЙЫН ЕМЕС

“Тек психоэмоциялық емес, сонымен қатар жыныс жолдары дайын болмайды. Дені сау нәресте дүниеге әкелу үшін  сүйек және бұлшықет массасы жеткілікті болуы керек”, – дейді маман. 

Дәрігер іс жүзінде жасөспірімдердің ана атанып жатқан жағдайлары бар болғанымен, оларды жүктілік ауыр әрі түрлі асқынулармен өтетінін айтты. 

“Гестоз пайда болады – бұл әйелдің өмірлік маңызды органдарының жұмысының ауыр бұзылуына әкелетін жүктіліктің асқыну түрі. Ол кәмелетке толмаған жүкті әйелдердің 86%-ында кездеседі. Сондай-ақ, жасөспірім кезеңінде жүктіліктің әсіресе кеш мерзімде, екінші триместрден бастап үзілу қаупі жоғары”, – дейді Лущаева.

ЖҮКТІЛІКТІ ҮЗУ ҚҰҚЫҒЫ ЖОҚ

Ол 18 жасқа толмаған қыздардың жүктілікті үзу туралы өз бетінше шешіп қабылдауға құқығы жоқ екенін де атап өтті.

“Бұл ата-аналармен немесе заңды өкілдермен бірлесіп қабылданатын шешім. Біз үшін жасөспірім қызбен де, оның заңды өкілдерімен де алғашқы жүктілікті үзудің қандай салдарға әкелуі мүмкін екендігі туралы әңгіме маңызды. Жүктілікті үзгеннен кейін жатыр түтіктерінің өткізгіштігіне әсер ететін қабыну процесі болуы мүмкін. Сондай-ақ етеккір циклі бұзылуы мүмкін: қыздың ағзасы ұрықты көтеруге бейімделген және жүктілікті сақтайтын гормондарды шығарады, ал оны күрт үзген кезде, ағза бұдан әрі циклді қалай реттеу керектігін білмей шатасады. Жүктілікті үзгеннен кейін қыздарда гормондардың дұрыс бөлінуін қайта бастау және етеккір циклін реттеу өте қиын болады”, – дейді балалар гинекологы.

СТАТИСТИКА ҚАНДАЙ?

Елена Лущаева сұхбатта кәмелетке толмағандардың босануы туралы сенімді статистика бар екенін айтты. 

“2023 жылы Қазақстанда 14 жасқа дейінгі 11 қыз, ал 15-17 жас аралығында 1508 қыз босанды. Босанған ананың ең жасы – 12-де. Жүктілік пен босану көбіне Түркістан облысында кездеседі. Кәмелетке толмаған қыздардың түсік тастау санына келетін болсақ, оларды бақылау қиынырақ. Өйткені, өкінішке орай, барлық жеке клиникалар кәмелетке толмағандардың жүктілігін дәрі-дәрмекпен тоқтату туралы мәліметтерді бермейді. Дегенмен, бұл дәрігерлік комиссияның шешімі бойынша жүргізіледі”, – деді ол.

Дәрігердің сөзінше, биыл кәмелетке толмағандардың түсік тастауы мен босану саны төмендеп жатыр. 15-17 жас аралығындағы қыздардың босану саны 4%-ға, 14 жасқа дейінгі қыздардың түсік тастауы 17%-ға, 18 жасқа дейін 8%-ға азайған.