Үкімет мәліметтері бойынша, Абай облысындағы жылу желілерінің тозу дәрежесі 64,2%-ға жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Семейдегі апатты ЖЭО-да инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын тексерді.
ҚЫЗЫЛ АЙМАҚ
Абай облысы "қызыл аймақ" өңірлерінің қатарына кіреді. Облыс бойынша жылу желілерінің тозу дәрежесі 64,2%-ға жетеді. Премьер-министрге ЖЭО-1-дегі жөндеу жұмыстарының нәтижелері туралы баяндалды.
"Атап айтқанда, су жылыту қазандығының төртінші қазандығы мен сорғы тобын жаңғырту жүргізілді. 90 жылдық тарихы бар жылу көзі "қызыл аймақ" нысандарының тізіміне енгізілген, бүгінгі таңда қаладағы ең ірі нысан. ЖЭО-1 "Жылукоммунэнерго" МКК құрамына кіреді. Кәсіпорынға сонымен қатар 70 мыңнан астам абонентті жылумен қамтамасыз ететін 76 жылу пункті мен 21 қазандық жатады. Белсенді тұрғын үй құрылысы мен қолданыстағы жылу желілерінің жоғары тозуын ескере отырып, жылу және электр қуатының тапшылығы байқалады", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Семей қаласының сол және оң жағалаулары автономды жылумен қамтылады. ЖЭО-1 сол жағалау тұрғындарын жылумен қамтамасыз етеді, оң жағалауда бұл қызметті 21 қазандық атқарады.
ЖЭО-3
ЖЭО-3 іске қосу 3 кезеңде - 2030 жылға дейін жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде.
"ЖЭО-3 пайдалануға берілгеннен кейін қазандықтар сорғы-сүзгі станциялары режимінде жұмыс істейді, яғни жылу энергиясын тікелей үйлерге жеткізеді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда оң жағалауда 146,99 Гкал/сағатты құрайтын тапшылық мәселесі шешіледі", - деп хабарлады үкіметте.
ЦИТАТА
"Абай облысы мен Семей қаласындағы жылумен қамту жағдайы сын көтермейді. Инженерлік желілердің тозуы мен жергілікті ЖЭО-ның жағдайы бойынша аймақ "қызыл аймаққа" жатады. Жылу көздерін биылғы жылдың соңына дейін аяқтап, сапалы жаңғырту - Мемлекет басшысының тапсырмасы. Үкімет мәселені ерекше бақылауда ұстап отыр", - деп атап өтті Олжас Бектенов.