×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Шөкеев 246 млн теңге жұмсалған қойылымға қатысты пікір білдірді

19.11.2021, 13:00
Шөкеев 246 млн теңге жұмсалған қойылымға қатысты пікір білдірді
Фото: Ашық дереккөзден

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Бөрте» қойылымына 246 млн теңге жұмсауды орынсыз шығын деп есептемейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды ulysmedia.kz

«Біріншіден, мен олай есептемеймін. Бір қойылым үшін 240 млн теңге деген... Біз бүкіл сметаны тексердік. Ол жерде ешқандай артық шығын қарастырылмаған. Бұл жаңа театр болғаннан кейін, ондағы декорациялар мен костюмдер, авторлардың, режиссерлердің сыйақысы мен актерлардың айлығын тексеру шығынның негізді екенін көрсетті», - деді Өмірзақ Шөкеев ортаолық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Түркістан облысының әкімі керісінше, осы театрдың ұжымына алғыс айтатынын жеткізді. Әкімнің айтуынша, елордада, шет елдердің астаналарында жұмыс істеген ұжымдағы қызметкерлер Түркістанның жаңа театрына келіп, алғашқы қойылымның өзін жоғары дәрежеде өткізген.

«Бүгінгі күні бұл театр. «Бөрте» қойылымы – сол театрдың көрнекті туындысы. Осы театрды көру үшін астанадан, Алматыдан, басқа қалалардан адамдар келеді. 3-4 млн теңгеге қойылымды қалай қоюға болатынын өз басым елестете алмаймын. Менің ойымша, бұл ақшаға... Өз басым да қойылымдардың сметаларын тексергем. Жетекші театрлар үшін қойылымға 200 млн теңгедей жұмсау – аса үлкен сома емес. Кеше ғана бір сайт сол қойылымды қою үшін 32 млн теңге бөлінгенін жазыпты. Алайда сұрастырсам, осы астанада театрды бір күнге жалдаудың өзі 8 млн теңге тұрады екен. Ол қойылымды Нұр-Сұлтанның да тұрғындары көргісі келеді. Сұраныс та болған. Әкімдік тарапынан да. Екі күн қатарынан қойсақ, 16 млн теңгенің өзі соған кетеді деген сөз. Тұтас театр ұжымын осында әкелу, декорациясын жеткізу, іссапарлары, жүріп-тұратын шығындары бар. Егер біреуге осы шаруа заңсыз көрінсе, оны тексеретін арнайы органдар бар. Қаржылық құрылымдар бар. Шығынға жауапты адамдар бар. Сол себепті меніңше, кейбір жерде мәселені объективті түрде бағалап, жан-жүрегімен Түркістанды мәдени орталыққа айналдырғысы келіп жүрген басқа адамдардың еңбегін құрметтеу керек», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Сұрақ қойған журналист екінші сауалында басқа режиссерлер қойылымға 3-4 млн теңге жұмсайтынын айтқанын ескертті. Одан бөлек сұрағында журналист «Неліктен тендердің өзін Түркістандағы театрдың директоры өткізгенін» білгісі келді.

«Театрды қалалық мәдениет бөлімі қаржыландырады. Дәл осы мемлекеттік басқару органдары тендерді өткізеді. Мен сұрақты түсінбей отырмын», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Ақыры журналисттің әкімге бір сұрағын үшінші рет қоюына тура келді.

«Ол жерде заңбұзушылық болса, тиісті органдар тексерсін. Мен ол жерде заңсыздық көріп тұрған жоқпын. Ол жерде тексерген бірнеше рет», - деді Түркістан облысының әкімі.

Айта кетейік, Түркістан музыкалық драма театры «Бөрте» спектаклін сахналауға 246,7 млн теңге бөлгенін ulysmedia.kz редакциясы арнайы зерттеп, хабарлаған болатын. Түркістанда аталған қойылымды сахналауға елдегі ең танымал актерлер еліміздің әр өңірінен арнайы шақыртылған еді. Белгілі театр мамандары тұрақты емес актерлік құрамның басын қайта қосу қиын және оған жұмсалатын бюджет шығыны да аз болмайтындығын айтып, қынжылыс білдірген-ді. Театр және кино режиссері Талғат Теменовтің айтуынша, қазақ театрларында бір спектакльді сахналауға орта есеппен 3,5 млн теңге жұмсалады.