Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің көптеген сұрауларына байланысты Қайрат Сатыбалдыұлының ісі бойынша одан тәркіленген дүние-мүлкінің тізімін жариялады, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты «Қазақтелеком» АҚ, «Көлік сервис орталығы» АҚ қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату), сондай-ақ оның бақылауындағы компанияның кедендік баждарды төлеуден жалтару фактілері бойынша қылмыстық істер тергелді, - делінген хабарламада.
ҚЫЛМЫСКЕР ӨЗ КІНӘСІН МОЙЫНДАП, ЗАЛАЛДЫ ТОЛЫҚ КӨЛЕМДЕ ӨТЕГЕН
Антикордың хабарлауынша, тергеу кезінде Қайрат Сатыбалдыұлы өз кінәсін толық мойындап, залалды толық көлемде өтеді. Сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеуге және қылмыстық жолмен алынған мүлікті ашуға ықпал етті.
2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қайрат Сатыбалдыұлы және онымен байланысы болған азаматтардан мемлекетке заңсыз сатып алынған 732,8 млрд теңге немесе 1,6 млрд АҚШ долларынан астам сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды. Оның ішінде 661,5 млн АҚШ доллары шетелде табылды. Олар қысқа мерзімде Қазақстанға қайтарылды. Соның ішінде Қайрат Сатыбалдыұлының Австрия, Лихтенштейн, БАӘ, Түркия мен басқа да елдердегі мүлкі тәркіленді, - делінген Антикордың хабарламасында.
ТӘРКІЛЕНГЕН ДҮНИЕ-МҮЛКІ 732,8 МЛРД ТЕҢГЕГЕ БАҒАЛАНҒАН
Қайтарылған активтерге әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс үйлер, пәтерлер мен автомобильдер, акциялар мен компаниялардың үлестері, теміржол жолдары мен ақша қаражаттары кіреді. Соның ішінде шетелдіктер де бар.
Ескерту: Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде тәркіленген дүние-мүлкі 732,8 млрд теңгеге бағаланған.
1. «Қазақтелеком» АҚ акцияларының 28,8% - 93,8 млрд теңге;
2. «КСО» АҚ – 30,2 млрд теңге;
3. 4 компаниядағы қатысу үлесі – 10,3 млрд теңге;
4. Қазақстандағы мүліктік активтер – 158,5 млрд теңге;
5. Эксклюзивті зергерлік бұйымдар – 105,39 млрд теңге (230 млн доллар);
6. Қазақстандық шоттардағы ақша – 36,8 млрд теңге;
7. Австриядан келген ақша – 36,8 млрд теңге (82,1 млн доллар);
8. Лихтенштейннен түскен ақша – 116,7 млрд теңге (260,5 млн доллар);
9. БАӘ-нен келген ақша – 6,3 млрд теңге (14 млн доллар);
10. Түркиядан келген ақша – 2,2 млрд теңге (4,92 млн доллар);
11. Бағалы қағаздарды сату – 135,8 млрд теңге (300 млн доллар).
ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІКТІҢ САНЫНДА ЕСЕП ЖОҚ
Мәселен, оның иелегінде болған құны 158 млрд теңгеден асатын 115 нысан мемлекеттік меншікке берілді. Оның ішінде 73 жылжымайтын мүлік (13 үй, 10 ғимарат, 13 жер учаскесі, 4 пәтер, 3 ғимарат, қосымша салынған 2 медресе ғимараты, 2 тұрақ орны, 25 үй-жай, бір аяқталмаған құрылыс нысаны) бар.
37 жылжымалы мүлік (29 автомашина, 5 арнайы техника, 3 квадроцикл) және өзге де мүлкі тәркіленген. Мүліктің бір бөлігі оның жақын туыстарына, аффилиирленген азаматтарға және бақылаудағы компанияларға рәсімделген. Астана және Алматы қалаларында мемлекетке берілген әкімшілік ғимараттардың жалпы ауданы 180 мың шаршы метрден асады. Бұрын бұл активтер жалға беріліп, жыл сайын меншік иесіне миллиардтаған табыс әкелген.
Люкс нысандарының бірі – Ақмола облысының Барап ауылында жалпы ауданы 1,5 мың шаршы метр, жер учаскесі 135 гектар бұрынғы Қайрат Сатыбалдыұлы резиденциясы – Астана қаласының Білім басқармасына берілді. Бұл қаражаттар мемлекетке қайтарылып, әлеуметтік мақсаттарда пайдалануға берілді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанның экс-президентінің Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы зайыбы Гүлмира Сатыбалды да сотталған болатын. Жақында Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша барлық материалдармен танысып шыққанын хабарлаған.