×
479.38
531.63
5.27
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
479.38
531.63
5.27

Аудит: Назарбаев зияткерлік мектептеріне қатысты 11 іс қозғалды

12.08.2024, 11:11
ulysmedia

Жоғары аудиторлық палатада Назарбаев Зияткерлік мектептері қызметіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

СОҢҒЫ БЕС ЖЫЛДА БЮДЖЕТТЕН 250 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Жоғары аудиторлық палата отырысында 2019-2023 жылдардағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері қаралды.

Жалпы есепті кезеңде Назарбаев Зияткерлік мектептері жұмысына бюджеттен 250 млрд теңге бөлінген, соның ішінде 22 млрд теңгеден астамы тәжірибені таратуға қаралған. Дегенмен бүгінгі таңда мемлекеттік жоспарлау жүйесінде НЗМ рөлі нақты айқындалмаған. Атап айтқанда, бағдарламаларда, ұлттық жобалар мен тұжырымдамаларда тәжірибені тарату нәтижесіне қатысты нақты міндеттер, функциялар мен көрсеткіштер белгіленбеген.

ОҚУЛЫҚ ШЫҒАРЫП ТАРАТУ КЕРЕК ЕДІ...

Мұның маңызды бөлігі – жалпы білім беретін мектептерге НЗМ әзірлеген оқулықтарды енгізу. Бірақ салалық министрлік мақұлдаған білім беру процесіне арналған 3 мыңнан астам оқулықтың небары 67 немесе 2% ғана НЗМ үлесіне тиесілі. Осылайша, ұйымның орта білім беру жүйесін дамыту әлеуеті толық пайдаланылмай отыр.

Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бұл бағыттағы нәтиженің бөлінетін қаржыландыру көлеміне сәйкес келмейтініне назар аударды.

«Ұлытау облысының барлық бюджеті көлеміндегі қаражат осы бес жылдан аз уақыт ішінде Назарбаев Зияткерлік мектептеріне бөлінген. Оның ішінде 22 млрд теңгеден астам қаражат тәжірибені таратуға қаралған. Статистиканы қалай қарасақ та, өкінішке қарай, айтарлықтай өзгеріс жоқ. Оның үстіне, бұл тіпті мемлекеттік жоспарлау жүйесі шеңберінде де қамтылмаған», – деді Әлихан Смайылов.

55 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН БАНК ШОТТАРЫНДА БОСҚА ЖАТҚАН

Аудиторлық қорытындыда көрсетілгендей, тұтастай алғанда НЗМ қаржыландыру механизмі қаражатты пайдаланудың ашықтығын, есептілігін және нысаналы сипатын қамтамасыз етпейді. НЗМ-де іс жүзінде жүргізілмеген іс-шаралардың жоспарланғаны анықталды. 2019-2023 жылдары орындалмаған іс-шаралар көлемі шамамен 8 млрд теңгені құрады.

Бұл ретте пайдаланылмаған қаражатты кейінгі қаржы жылдарына ауыстыру мүмкіндігі бюджетті жаңа жоспарлау кезінде әрдайым ескеріле бермейтін бюджет қаражаты қалдықтарының едәуір көлемінің қалыптасуына алып келді. Мәселен, 3 жыл ішінде НЗМ 16,4 млрд теңге көлеміндегі қаражатты игермеген, ал банк шоттарында жыл сайын 27-ден 55 млрд теңгеге дейінгі мөлшерде қаржы қалдықтары жинақталған.

ТЕНДЕР ӨТКІЗУДЕГІ БЫЛЫҚТАР

НЗМ өткізген сатып алулар бойынша 10,5 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды. Мысалы, 1 млрд теңгеден астам сомаға бір көзден сатып алу тәсілін заңсыз қолдану, өтінімдерді негізсіз жіберу немесе қабылдамау және т.б. жағдайлар орын алған. Бұдан басқа, Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері және бөгде ұйымдардың коммерциялық ұсыныстарының негізінде тауарларды жоғары құны бойынша сатып алу фактілері анықталды.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ақпараттық-білім беру ортасын дамытуға шамамен 2 млрд теңге бағытталған. Алайда аудит барысында конкурстық іріктеу, аттестаттау және т.б. негізгі бизнес-процестер автоматтандырылмаған.

НЗМ-ГЕ ҚАТЫСТЫ ҚАНША ІС ҚОЗАҒАЛДЫ?

Жалпы мемлекеттік аудит 274,4 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтарды анықтады. Қаражатты тиімсіз жоспарлау 8,3 млрд теңгені, тиімсіз пайдалану шамамен 6 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар 134 рәсімдік бұзушылық пен 30 жүйелік кемшілік анықталды.

Тексеру іс-шараларының қорытындысы бойынша 1 материал құқық қорғау органдарына, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар тағы 10 факті бойынша материал әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға жіберілді.

Серіктес жаңалықтары