×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қайрат Сатыбалдыны босата ма, әлде ақтағалы отыр ма – депутат Бапи

15.08.2024, 13:13
Қайрат Сатыбалдыны босата ма, әлде ақтағалы отыр ма – депутат Бапи
Коллаж Ulysmedia.kz

Кейінгі күндері құзырлы органдар Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының мемлекетке қанша қаражат қайтарғаны жөнінде ақпаратты тарата бастады. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи соған байланысты Қайрат Сатыбалдыны "оны ақтағалы жатыр ма, әлде мерзімінен бұрын босатқалы отыр ма?" деп сұрақ тастады, деп хабарлады Ulysmedia.kz.

Депутаттың жазбасы

– Оны мерзімінен бұрын босатпақ па, әлде тап-таза етіп шығармақ па? Оны активтерді өздігімен қайтарып жатқаны дұрыс-ақ. Алайда көрсетілген сол сомалар елдің қазынасына түсіп жатқаны қаншалықты шындық? Ресми сандарға сенуіміз керек пе, жоқ па? Себебі қайтарылған активтердің бәрі жиналып жатқан 100 пайыз үкіметтік компанияда қоғамдық бақылау жоқ, – деп жазады Ермұрат Бапи.

Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген мүліктер тізімі

Жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген мүліктердің тізімін жариялаған еді. Миллиардтаған активтерді мына тізімнен көруге болады. Ал Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті Қайрат Сатыбалдыұлының кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімінің шарттарын орындау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын тағы хабарлаған.

Сатыбалды не үшін сотталды

Естеріңізге сала кетейік, Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың наурыз айында «Қазақтелеком» АҚ-ның лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды және қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікпен ұсталған болатын.

Әу баста тұңғыш президенттің жиенін тұтқындау кезінде оның басқа қылмыстарға да қатысы болуы мүмкін екені айтылған-ды. Антикор сотқа дейінгі тергеуді былтыр тамыз айында аяқтады. Ведомство өкілдері «тергеу барысында мемлекетке жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден асатын немесе 500 миллион АҚШ долларынан асатын заңсыз сатып алынған активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды», деп мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Сатыбалды «салықтар мен кедендік төлемдерден жалтару, қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша» қосымша тергеліп жатқаны хабарланды.

Ал 2022 жылдың қыркүйегінде Астанадағы Байқоңыр ауданының соты үкімді жариялады. Қайрат Сатыбалды қылмыстық істің тағы төрт фигуранты – ОКҚ директорлар кеңесінің төрағасы Марат Мұхамеджанұлымен, ОКҚ президенті Гайни Бекетовпен, «Қазақтелеком»АҚ корпоративтік бизнес директоры Леонид Муравьевпен және спортшы Шыңғыс Қонарбаевпен бірге екі компанияға – «Қазақтелеком» АҚ және «Көлік қызмет көрсету орталығы» АҚ-ға ұрлық жасады және мүліктік зиян келтірді деген айыппен кінәлі деп танылды.

Сот сотталушыларға «Көлік қызмет көрсету орталығы» компаниясынан 28 миллиард теңгеден астам қаражат ұрлады және «Қазақтелеком» компаниясына 12 миллиард теңгеден астам мөлшерінде материалдық залал келтірді деген айыпты дәлелдеді.

Сатыбалды алты жылға бас бостандығынан айырылды, мүлкі тәркіленді. Президентке оның мемлекеттік наградалары мен ҰҚК генерал-майоры атағынан айыру туралы ұсынылды. Сондай-ақ 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынды. Бұл істің қалған қатысушылары шартты мерзімге сотталды. Бекетов пен Мұхамеджанұлы 6 жыл, Муравьев пен Қонарбаев 2,5 жыл «арқалады».