Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Швецияда науқастың бірі mpox вирусын жұқтырғанын растады. Стокгольм науқастың Clade Ib жаңа штамын Африкада жұқтырғанын хабарлайды, деп жазады Ulysmedia.kz порталы Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Швециядағы науқастың жұқпалы ауруы mpox вирусынан (бұрын "маймыл шешегі" деп аталған) туындағанын растап, пациенттің жаңа вирус штаммы (Clade Ib) Африкадан келгенін атап өтті. Бұл туралы 15 тамыз, бейсенбіде ВВС хабарлады. Науқас қазір дәрігерлердің бақылауында емделіп жатыр. Басқа елдер mpox вирусының анықталғанын әлі хабарлаған жоқ.
Бір күн бұрын ДДҰ Африкада вирустың таралуына байланысты қауіптің ең жоғары деңгейін жариялады. Онысын "халықаралық маңызы бар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай" деп атады. Вирусы адамға жануарлардан жұғады, бірақ физикалық байланыс арқылы адамнан адамға да жұғуы мүмкін. Инфекцияның белгілеріне безгек, бұлшықет ауруы, іріңді безеулер мен көпіршіктері бар тері бөртпесі жатады.
Африканың бірнеше елдерінде ауру өршіген
Бұрын mpox таралмаған Бурунди, Кения, Руанда және Угандада аурудың өлімге апарып соғатын 1b вирусының 90 жағдайы анықталған. Конго Республикасында 14 мыңнан астам жұқтырған адам тіркеліп, 524 адам қайтыс болды, деп хабарлады ДДҰ 14 тамызда.
Биыл Африканың 13 елінде mpox инфекциясын 17 мың адам жұқтырды. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 есе көп, деп хабарлайды Reuters.
2022 жылдың жазында ДДҰ маймыл шешегінің өршуін "халықаралық маңызы бар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай" деп жариялады. Сол кезде әлемнің 75 елі мен аумағында 2b вирусын жұқтыру жағдайларының саны 16 мыңнан асты, ал инфекциялардың көпшілігі Еуропа мен Америкада, негізінен бір жынысты жыныстық қатынасқа түскен ер адамдар арасында анықталған. Төтенше жағдай режимі 2023 жылдың мамырында тоқтатылған.