Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары автобустарда тегін ауысып отыру жеңілдігін қайтаруды сұрайды. Олардың айтуынша, автобус бағдарларының қысқарып, өзгеруіне байланысты жұмысқа екі немесе үш автобусқа мініп баруға тура келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Сіздерді қайдам, елордадағы қоғамдық көлікте тегін ауысып отырып, діттеген жеріңе жету жеңілдігін қайтарған жақсы болар еді», - деп жазды блогер Ерлан Сәкенов facebook-тегі «Астана – Что? Где? Когда?» тобында.
Оның айтуынша, елордада бұрын ол жеңілдік болған. Алайда кейін ол қызмет тоқтаған. Блогердің пайымдауынша, аталмыш жеңілдік қоғамдық көліктің тартымдылығын арттырар еді.
Постқа пікір жазған адамдардың бәрі бұл бастаманы қолдап жатыр. Қала тұрғындарының айтуынша, қалада қоғамдық көлік жүйесі жеткілікті деңгейде жетілдірілмеген. Кейбір аялдамалардан тек бір немесе екі автобуспен баруға болады. Солл себепті жолаушыларға ылғи екінші автобуспен жүруіне тура келеді. Дегенмен тұрғындардың кейбірі тегін ауысып отыру билет бағасын қымбаттатпай ма деп те алаңдап жатыр.