BAYTAQ жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев үндеу таратып, Қазақстандағы атом электр станциясы құрылысын қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
“Шындықты жеткізуіміз керек”
Әміртаев үндеуді Youtube парақшасында жариялады.
– Елімізде атом электр станциясын салу жөнінде талқылау жүріп жатыр. Әрине, әртүрлі ой-пікір бар. Осыған байланысты біз “Байтақ” жасылдар партиясының мақсаты – елімізде таза ауаны, таза жерді, таза суды қамтамасыз ету, экологиялық таза өндірісті қалыптастыру. Осы бағытта біздің партиямыз жұмыс істеп жатыр. Сол себепті АЭС салу мәселесінде ойымызды ашық айтып, сізге шындықты сізге жеткізуіміз керек.
Әлемде таза жасыл энергия көзі – атом энергиясы болып саналады. Өткен жылы Дубайда климатқа байланысты үлкен саммит өтті. Сол саммитке біз қатыстық. Дамыған елдер – Еуропа елдері, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, экономикасы мықты дамыған тағы да басқа елдер бір дауыспен “ХХІ ғасырда атом энергиясы – ең басты энергия” деп айтып жатыр. Себебі климатты тұрақты ұстап қалу, қоршаған ортаны қорғау – оны тек АЭС қана қамтамасыз ете алады деген ойды айтты, – дейді ол.
Ғылыми институттарды дамыту керек
Азаматхан Әміртаев АЭС энергиясы экологиялық таза энергия екеніне көзіміз жетті дейді. Көмір отыны энергиясының ауаға шығаратын қалдығы үлкен екенін айтады. Мысалы, Теміртау, Балқаш, Алматы, Астана сияқты қалаларда демалатын ауа жоқ дейді ол.
– Біз атом электр станциясының энергиясы таза, жасыл энергия деп санаймыз. Сол себептен халыққа осыны жеткізгіміз келеді. Халық осыны түсінуі керек. АЭС – ғылымның жетістігі. Бұл ғылымды дамытуымыз керек. Атом жлектр станциясы арқылы осы бағытағы барлық ғылыми институттарды дамытуымыз керек. Әлемдегі уран шығаратын ең үлкен мемлекетпіз дейміз. Бірақ оны біз шикізат ретінде ғана сатып жатырмыз. Оны өңдеп, энергия алып, сол энергияны жақын елдерге экспортқа шығарсақ бюджетке қаншама түсім болады, – дейді “Байтақ” партиясының басшысы.
Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, дамыған елдердің бәрінде АЭС бар. Бір ғана АҚШ-та 99 АЭС жұмыс істеп тұр. Айтуынша, бұл АЭС таза энергия екенін дәлелдейді.
– Бұл шындықты халыққа жеткізу – біздің партиямыздың борышы. Бұл энергия көзі бізге жақын.Күзде референдум өтеді. Сол референдумде халқымыз дұрыс таңдау жасауы керек. Осы бағытта әрбір сөзімізді, дәлел, дәйектерімізді халыққа жеткізуге дайынбыз, – дейді Әміртаев.
Қазақстандағы АЭС
Еске сала кетейік, АЭС құрылысына байланысты былтырдан бері бүкіл елде жария тыңдау өткен еді. Референдум күзге жоспарланған.
2023 жылдың 1 қыркүйегінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысы бойынша референдум өткізілетінін жариялады. 2023 жылы 4 қазанда Қазақстанның Энергетика министрлігі референдум өткізілгенге дейін атом электр станциясының құрылысына байланысты барлық жұмыс тоқтатылғанын хабарлады.