Әуе рейстерінің жиі кешігуі кейінгі кезде ел ішінде ұшақпен ұшқысы келетіндердің көп шағымына айналған. Шағым неліктен көбейіп кеткенін Ulysmedia.kz тілшісі көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен әке компанияларының басшыларынан сұрады.
Ластаев не дейді
Талғат Ластаевтың айтуынша, рейстер әр мемлекетте әр компанияда кешігеді.
– Біздің биылғы көрсеткішіміз 77 пайыз. Басқа мемлекеттермен салыстырсақ, АҚШ-та да 77, Еуропада 76 пайыз. Мына көреткіш биыл төмендеп жатыр. Себебі Боинг өндірісі бойынша жаңа ұшақтарды әкелуде проблемалар бар. Мысалы, биыл біз 12 жаңа бортты әуе компанияларына әкелеміз деп көздегенбіз. Оның бүгінгі таңда тек 8-і келді. Жыл соңына дейін төрт борт келеді. Одан да көп тапсырыс берілген. Әлемдік проблема бойынша борттар кешігіп жатыр, – дейді ол.
Ластаев сонымен бірге тамызда елде бірнеше әуежай жөндеуге жабылғанын айтады. Түнде ол әуежай жұмыс істемейді. Сол себепті күндізгі рейс көбейген. 24 сағатта әуежай жұмыс істесе сағатына 10-12 рейс келетін. Қазір бұл көрсеткіш 20-25 көбейген.
– Жуықта бұршақ жауды. Жалпы 101 ұшақтың 10-ы әртүрлі себеппен жерде тұр. Бесеуі бұршақ жауғанда әртүрлі зақым алған. Сол кезде рейстер сол себепті кешіккен. Қазір 10 ұшақ рейстерге кірісті, – дейді вице-министр.
Ол сонымен бірге, Ақтөбе, Ақтау әуежайларында ұшу-қону жолағы жөнделіп жатқанын атап өтеді. Астананың әуежайы да 20 жылдан бері жөндеу көрмеген. Осы шаруалар реттелгенде де рейстер кешікпейтінін айтады.
FlyArystan жауабы
FlyArystan әуе компаниясының басшысы Ричард Леджер Талғат Ластаевпен келіседі. Рейстердің кешігуін бұршақтан көреді. Әуе компаниясының бес ұшағы соның салдарынан зақымдалған.
– Тағы бес ұшақ әртүрлі себеппен зақымдалды. Мұның бәрі әсіресе жазда жағдайды күрделендіріп жіберді, – дейді ол.
Компания басшысы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіліп, шағымдарға жауап беріліп жатқанын айтады.