Ермұрат Бапидің видеосын Болат Әбілов жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Бүгін Германиядан таяуда оралған Ермұрат Бапимен сөйлестік. Берлиннің «Шарите» клиникасынан жақында оралды. Ол жақта Ерекеңнің бойынан улайтын «Новичок» анықталған жоқ. Улағаны жөнінде сыбыстар жұмсарта айтқанда, жалған болып шықты, – дейді Әбілов.
Ермұрат Бапидің өзі денсаулығы жақсы екенін айтады.
– Денсаулығым әзірге жақсы. Германияда диагноз қойды. Енді барып емделу керек. “Новичок” белгісі жоқ сияқты, жаныңызда отырмыз ғой, – деді депутат.
Улады ма
Бұған дейін депутат наурыз айының ортасынан бастап ісініп, он бес күн ауруханаға жатып шыққанын хабарлаған еді. Ол жерде түгелдей анализ алып, қан, бауыр, бүйрек, гистология, биопсия, паразит, микробтарға дейін тексеріп, ештеңе таппаған.
– Улану деген ресми диагноз емес, консилиум болған дәрігерлердің арасында айтылған мәселе. Олар мұндай жағдай біздің практикамызда болып көрмеген, бәлкім уланып қалған шығарсыз деді. Оны клеткалық деңгейде тексеру керек екен, бірақ бізде ондай мүмкіндік жоқ. Улану күдігін біздің дәрігерлер анықтай алмайды, – деді депутат.
Оның сөзінше, қазақстандық дәрігерлер барлық анализден ештеңе таппағандықтан, осындай нұсқа айтылған.