×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Грантсыз қалған түлектер: Сотқа министр келмей қалды

27.08.2024, 09:33
Грантсыз қалған түлектер: Сотқа министр келмей қалды
ашық дереккөзден

Телеарна мәліметінше, министрдің өзі төбе көрсетпесе де, ведомство өкілдері құжаттарды ала келген. ҰБТ-дан жоғары балл ала тұра, мемлекеттік гранттан қалыс қалғандар Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбектің өзін сотқа берді. Айтуынша, министр грант үлестіру кезінде қателескен. Тасқыннан зардап шеккендерге ортақ гранттың ішінен бес мыңын бөліп беру, басқалардың мүмкіндігін шектеумен тең болды деп санайды сотқа жүгінгендер. Сот процесінің алғашқы отырысы Алматыда өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, министрдің өзі төбе көрсетпесе де, ведомство өкілдері құжаттарды ала келген.

ҰБТ-дан 119 балл ала тұра, мемлекеттік гранттан қағылған алматылық талапкер Медина Майсар үндеу жасады. Ойын жинақы, сөздерін нық жеткізген қыз министр Саясат Нұрбекке өкпелі. "11 жыл бойы көз майымды тауысып оқығанымды қайтейін, грантым тасқыннан зардап шеккен аймақтың балаларына үлестіріліп, еңбегім еш кетті деп налиды ол.

Талапкерлерге ең алғаш ақысыз көмек қолын созған адвокат Халида Әжіғұлова балалардың конституциялық құқығы бұзылды деп санайды.

«Заң толықтай талапкерлер жағында деп айта аламын. Азаматтардың конституциялық құқығы тапталды. Себебі мектеп бітірушілер де, адвокаттар да бірнеше рет Ғылым және жоғары білім министрлігіне сауалхат жолдадық.

Басты сауал «қандай негізде гранттардың бір бөлігін тасқыннан зардап шеккен талапкерлерге бөлдіңіздер» делінген. Екі апта өтті, тым-тырыс, әлі жауап жоқ. Қандай бапқа сүйеніп министр Саясат Нұрбек мұндай шешім қабылдап отыр? Жауапты министрлікті сотқа бердік», - деді талапкердің адвокаты Халида Әжіғұлова.

Тиісті кодексті оқып шыққан адвокат бірде-бір бапта министрліктің, я тікелей министрдің жалпыға ортақ гранттарды бөлуге еш құқығы жоқ екенін анықтаған. Астаналық көпбалалы ана Бибігүл Тінәлиеваның да тұңғышы 109 балмен тегін оқуға қолы жетпеген. Ақылы оқытайын десе, жылдық оқу бағасы миллион теңгеден жоғары.

«Менің тұңғыш балам Тыналы Даниал 109 балл алып, грантқа түскен жоқ. Балам қазір қиналып, біз де қиналып жүрміз. Амал таппай, қиналып кеттік, Спорт академиясында оқысын деп жанталасып жатырмыз. Арманына жетсін деп жүрміз», - дейді талапкердің анасы Бибігүл Тінәлинова.

Телеарна ақпаратынша, бұған дейін министрлік қосымша 10 мың грант қосымша бөлінеді деп мәлімдеген. Ведомство өкілдерінің айтуынша, 10 мың гранттың екі жарым мыңы жергілікті әкім гранттары, мыңнан астамы университет, қалғаны «Қазақстан халқына» қоры мен жергілікті компаниялар есебінен әлі қаралып жатыр.

«Ақпарат агенттіктері мен әлеуметтік желілерде биылғы түлектерге 10 мың қосымша грант бөлінді деген ақпарат таралуда. Бұл ақпарат бүгінгі күні өзекті емес екенін ресми түрде мәлімдейміз. Бұл жаңалық министрдің 6 тамызда айтқан сөздеріне негізделген. Яғни сол кезде министрліктен әкімдердің, университеттердің, сондай-ақ жеке қорлардың гранттары есебінен грант иегерлерінің тізіміне кірмеген талапкерлер үшін қосымша тегін оқу мүмкіндіктерін ұсыну туралы ақпарат өзекті болды», - деді Ғылым және жоғары білім министрлігі Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Олжас Беркінбаев.

Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері 25 тамыздан кейін де бас тартылған грант саны белгілі болады дейді. Ал Саясат Нұрбек пен талапкерлер арасындағы дау жайында министрлік өкілдері пікір білдірмеді.

Министрмен ашық айқасқа шыққан талапкерлер сотының бірінші отырысы өтті. Қос тарапты судья бітімгерлікке, яғни медиацияға шақырыпты. Келесі түпкілікті сот отырысы сәрсенбі күнге жоспарланған. Грант үшін шырылдаған талапкерлер құзырлы органдарға өтініш-хат жолдаған.