Ресейде мұнай өнімдерінің өндірісі жөнінде туралы ақпарат қолжетімді болмай қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Росстаттың мәліметі
Росстаттың елдегі өнеркәсіп өндірісінің жай-күйі жайлы соңғы есебінде бұл жөнінде бірде-бір сөз жазылмаған.
Аталған ведомство Ресейде бір айда дизель отыны, сондай-ақ мазут пен басқа да мұнай өнімдері қаншалықты өндірілгені жөнінде статистиканы толық құпиялады. Сондай-ақ, тұрақты газ конденсатын өндіру бойынша сандар да көрсетілмеген.
Бұл шешім Росстаттың өз шешімі емес, ол тек Ресей үкіметінің нұсқауларын орындайды. Ресей энергетика министрлігі бұл қадам "жоқ жерден шу туғызып, мұнай өнімдері нарығына негізсіз қысым жасамас үшін" жасалғанын түсіндірді, деп жазады РИА Новости. Биыл мамыр айында РФ энергетика министрлігі бензин өндірісі жайлы ақпаратты жариялауды тоқтатты. Мұның себебі де күрделі "геосаяси жағдай".
Украинаның дронмен шабуылы
Украина біршама уақыттан бері Ресейдің мұнай өңдеу базаларына дронмен шабуыл жасап жатыр. Биыл 9 мамырда Башқұрстанның Салават қаласындағы "Салаватнефтеоргсинтез" мұнай кешенінде өрт болды. Ресейдегі Mash және Baza телеграм-арналары дрондар шабуылынан өрт шыққанын жазды. 9 мамырға қараған түні дрондар Анападағы мұнай базасына шабуылдап, бірнеше резервуар өртенген. 4 тамыз күні түнде Қара теңіздегі Ресейдің Новороссийскідегі әскери теңіз базасына Украина теңіз дроны шабуыл жасап, Ресейдің «Оленегорский горняк» әскери кемесін істен шығарған. 5 тамызға қараған түні Керч бұғазына жақын жерде Ресейдің «Сиг» танкері дрон шабуылынан бүлінді.
Кейінгі айларда Украинаның дрондары Ресей аумағындағы ондаған мұнай базасы мен мұнай өңдейтін зауыттарға шабуыл жасаған.
Азаттықтың хабарлауынша, батыс басылымдары бұл аптада Украина Қара теңізде Ресей кемелеріне дронмен шабуылдауды жалғастырса, бұл қазақ мұнайының экспортына қауіп төндіретінін жазды.