×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Бүгін – Конституция күні

30.08.2024, 08:52
Бүгін – Конституция күні
Коллаж Ulysmedia.kz

Қазақстан Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстан Конституциясы – мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырушы құжат. Ол 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады.  

Тарихы

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. 1993 жылғы Конституцияның негізінде еліміз парламенттік республика моделінде болса, 1995 жылы қабылданған Конституция негізінде президенттік-парламенттік билікке көшті. 1995 жылы қабылданған Конституцияға әр жылдары бірқатар өзгеріс енгізілді.

Конституцияда белгіленген демократия құндылықтары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері Қазақстан Республикасы дамуының нақты стратегиялық бағдарын айқындайды. Ата заңымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің сенімді тірегі.   

Конституция – ішкі де, сыртқы саясаттың бағытын айқындап, ел ішіндегі тәртіп пен тұрақтылықтың кепілі болып отырған басты құжат. Соңғы жылдарда құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі Ата заңмен айқындалды. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр.

Адамның құқықтары мен бостандықтары

Конституцияның бірінші бабында Қазақстан Республикасы адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын өзінің ең қымбат қазынасы деп жариялайды.

Қазақстан Республикасының азаматтарына нәсіліне, ұлтына, жынысына, тіліне, әлеуметтік, мүліктік және лауазымдық жағдайына, әлеуметтік шығу тегіне, тұрғылықты жеріне, дінге көзқарасына, нанымына, қоғамдық бірлестікке мүшелігіне, сондай-ақ бұрын келтірілген қылмыстық жазаға қарамастан, құқықтар мен бостандықтардың теңдігіне кепілдік беріледі. Азаматтарды қорлаудың кез-келген түріне тыйым салынады.

Қазақстан жерінде тұратын әрбір адам еліміздің Негізгі заңын құрметтеп, сақтауы тиіс. Қазақстанның әрбір тұрғыны әділдікке, заңдылыққа, теңдікке және өзінің болашағына сенімді болуға тиіс. Қоғам мен мемлекет дамуының базалық қағидаттары, адамның, азаматтың және мемлекеттік билік субъектісінің кепілдіктері, құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының Конституциясында нақты бекітілген. Оларды сапалы және тиімді іске асыру мемлекет пен қоғамның маңызды міндеті болып табылады, өйткені ол Қазақстан халқының дамуы мен тұрақтылығына, әл-ауқатының артуына ықпал етеді.

Конституцияда әрбір азаматтың еңбекті еркін таңдау құқығы және оның әділ шарттары бекітілген. Мәжбүрлі еңбектің кез-келген түріне немесе кемсітушілікке тыйым салынады. Конституцияны орындау үшін халықты жұмысқа орналастыруға жәрдемдесетін және қызметкерлердің құқықтарын қорғайтын нормативтік-құқықтық актілер мен әлеуметтік бағдарламалар көзделген.