Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы селосында ірі қара малынан Сібір жарасы анықталып, адамдарға жұғып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы журналист Диас Нұрақын өзінің facebook-парақшасында жазды.
Шонжыда ірі қарадан Сібір жарасы шығып, адамдарға жұғып жатыр екен. Ауру малды сойып, қолдарын жара басқа екі ауыл тұрғыны ауруханаға түскен. Жағдайлары бір қалыпты. Қазір ауру ошағын анықтау үшін ветеринарлар сиырлардан сынама алып, зертханаға жолдапты. Нәтижесі бүгін-ертең белгілі болады. Егер Сібір жарасы екені анықталса, Ұйғыр ауданындағы Үлкен Ақсу ауылы карантинге жабылады.
Қауіпті індеттің таралуына кім кінәлі? Мал дәрігерлері төрт түлікке дер кезінде вакцина салды ма? Бұл сұрақтардың жауабын жақында білеміз, – деп жазды ол.
Сондай-ақ журналист соғым уақыты жақындағанда ауру малдың еті дүкен сөрелеріне түсуі мүмкін екенін еске салды.
Ал сіздер арзан ет сатамын дегендерге абай болыңыздар! Өйткені соғым сезоны жақындағанда осындай ауру малдың еті сауда сөрелеріне түсіп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан базарлардағы ветконтрольдың жұмысын қатаң бақылау керек, – деп жазды Диас Нұрақын.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысы Іле ауданына қарасты Нұрғиса Тілендиев ауылында Сібір жарасының көміндісі табылуына байланысты тұрғындардың құжаты заңдастырылмағанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Қарағанды облысында сібір жарасын жұқтырған науқастардың бірі қайтыс болғанын да хабарлаған едік.