×
$
441.88
€
503.61
₽
5.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.88
€
503.61
₽
5.24

Алматы маңында баланы талап тастаған иттердің иесі босатылды

Бүгін, 14:15
Алматы маңында баланы талап тастаған иттердің иесі босатылды
Ulysmedia.kz коллажы

Қаскелеңде сот баланы талап тастаған иттердің иесін бір жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда ол сот залында-ақ рақымшылыққа ілініп, босатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиға былтыр маусымда Алматы облысының Жалпақсай ауылында болған. Питбуль мен тағы екі ит жеке ауланың қоршауынан шығып кетіп, футбол алаңында жүрген 10 жастағы Максим Головачёвқа тап берген.

Иттер баланың бетін талап, терісінің бір бөлігін жұлып кеткен. Құлағын жұлған, сондай-ақ, аяғындағы бұлшықет тінінің бір бөлігі зақымданған.

Баланы сол маңнан кездейсоқ өтіп бара жатқан Серік есімді азамат құтқарып қалған. Ол иттердің біреуін пышақпен өлтірген.

Шабуылдан кейін Максим облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді. Бала жансақтау бөлімінде ауыр, бірақ тұрақты жағдайда жатқан.

Дәрігерлер оған төрт сағатқа созылған операция жасаған. Бала мен оның анасымен клиникалық психолог та жұмыс істеген.

Иттердің иесі осы уақыт бойы кінәсін толық мойындамай, балалар жануарларды өздері ызаландырды деп мәлімдеген.

— Шығынның белгілі бір бөлігін өтеуге келісемін. Кінәмді ішінара мойындаймын. Заң тұрғысынан мойындамаймын. Ал адам ретінде, моральдық жағынан, қолымнан келгеннің бәрін жасадым, — деді ол сотта.

Сот процесі шамамен екі айға созылды.

Сотталған азамат жәбірленушіге 10 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Шабуылдан кейін бала үйден оқуға ауыстырылған. Қазір оған тағы бір пластикалық операция қажет.

Баланың анасы Екатерина Бурмистрова сот үкіміне көңілі толатынын айтты.

— Қаражат түскен бойда операцияларды бастаймыз, — деді ол.

Мән-жайы

Бұған дейін иттер футбол алаңының маңында орналасқан «Бостандық» оңалту орталығында ұсталғаны хабарланған еді. Ауыл тұрғындары бұл мекемені «діни секта» деп атаған.

Орталық өкілдері баланың өзі аумаққа кіріп, иттерді ызаландырғанын айтқан, алайда бұған дәлел келтірмеген.

Оқиғадан кейін жергілікті билік оңалту орталығын бақылауға алып, ҰҚК-ні де тартқан. Сондай-ақ, ол жерде енді ит ұсталмайтыны айтылған.