×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Жаңа зауыттар қайда: Қазақстан әлі де қанттың 60% импорттап отыр

04.09.2024, 12:33
Жаңа зауыттар қайда: Қазақстан әлі де қанттың 60% импорттап отыр
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қазақстанда қант шаруашылығын дамыту жөніндегі 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспардың бекітілгені белгілі. Жоспар іске асып, жаңа зауыттар ашылып жатыр ма? Әлде Қазақстан әлі күнге дейін қант импортына тәуелді ме? Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі Сауда және интегация министрі Арман Шаққалиевке қойды.

Министр не дейді

– Тұтынушы жағынан айтар болсақ, қант сауда сөрелерінде болуы керек әрі қымбат болмауы тиіс. Бізде баяғы төрт зауыт бар. Жаңадан зауыттар салынған жоқ. Биыл қызылша көп егілді. Біз өзіміз төрт зауыт арқылы 40 пайызға қамтамасыз етеміз. 60 пайызын негізі Ресейден, басқа да көрші елдерден имплрт ретінде аламыз, – дейді Шаққалиев.

Министрдің сөзінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені шешу үшін кешенді жоспарды әзірлеген. Ол бойынша 2026 жылға дейін қантпен отандық зауыттардың қамту үлесін 70-80 пайызға жеткізу көзделген. 

– Қазір қант зауытын салу үшін өте жақсы жағдай жасалған. Несие жағынан, айналым жағынан да. Өзімізде шығарылған қызылшаны өңдеу мәселесі өзекті. Биыл 600 мың тонннасын жинаймыз. Қазір қант бағасы тұрақты. Нарықта ешқандай тапшылық жоқ, – дейді Арман Шаққалиев.

Қашан да өзекті мәселе

Қант тапшылығы мәселесі жаз маусымы басталған сәтте күн тәртібіне шығады. Бұл жылдағы дәстүрге айналды. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімінде тұрған қанттың саудасы осы жаз-күз айларында қызады десек, артық айтқандық емес. Ел нарығы қант импортына тәуелділіктен құтылған жоқ. Үкімет бұнымен күресіп жатырмыз десе де, нақты нәтиже байқалмайды.  Қағаздағы есеп пен тұрмыстағы шынайы ахуал еш сәйкес келмейді. Ulysmedia.kz қант дефициті биыл да қайталана ма деген сауалға жауап іздеп көрген еді.