Оралда әйел жылжымайтын мүлік арқылы табыс тауып, Дубайдан пәтер алуды үйретеміз деген курсты сотқа берген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы “Мой город” порталы жазды.
Әйел 2023 жылы жылжымайтын мүлікті сатудан табыс табуды үйрететін ЖШС-мен шарт жасасқан. Оқу үшін әйел 1,6 миллион теңге төлеген. Кейін ЖШС ұсынысы бойынша ол Дубайда бір бөлмелі пәтер сатып алу үшін БАӘ-ге 18 мың дирхам (шамамен 2,3 миллион теңге) және 40 мың дирхам (шамамен 5,2 миллион теңге) аударған.
Шарт бойынша бір жыл ішінде ол курста алған теориялық және практикалық білімдерін пайдалана отырып, 1,6 миллион теңгені табуға, сондай-ақ жобалардан инвестициялық пайда алуға тиіс болатын. Егер бұл орындалмаса ЖШС оған оқуға жұмсаған бар ақшасын қайтарып беретінін айтқан.
Пәтерді сата алмаған әйел инвестициядан да пайда көрмеген. Ол ЖШС-тен 3,2 миллион теңге өндіріп алуды талап етіп, сотқа жүгінді. Сот оның талабын қанағаттандырды.