Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша әйелін өлтірген В.-ға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сотта анықталғандай, Мартук ауылында 2024 жылдың 21 маусымында түнгі уақытта өз үйінің ауласында сотталушы мен әйелі екеуінің арасында сөзге келіспеушілік туындап, сотталушы алкогольдік масаң күйде қызғаныш сезімінен әйелінің шашынан ұстап, оның мойын тұсына пышақпен 1 рет соққы жасаған. Өзінің қылмыстық іс-әрекеттерін жалғастырып, В. жәбірленушіге бірнеше рет пышақпен соққылар жасаған, нәтижесінде жәбірленуші қылмыс орнында көз жұмған.
Сотта В. кінәсін толық мойындап, әйелін қызғаныштан өлтіргенін айтты және жасаған қылмысы үшін шын жүректен өкінетінін жеткізді.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Соттың үкімімен В. кінәлі деп танылып, оған 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өтеу белгіленді. Сотталғаннан жәбірленуші өкілінің пайдасына моральдық өтемақы есебіне 10 000 000 теңге өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Ақтөбе облысының Қопа ауылында 14 жастағы жасөспірімді 11-сынып оқушылары аяусыз ұрып өлтірген еді.