×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Таксопарктер болмайды – таксисттердің жұмысында не өзгереді

13.09.2024, 11:24
Таксопарктер болмайды – таксисттердің жұмысында не өзгереді
Фото: Pixabay

Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов Сенат кулуарында елдегі такси жүргізушілерінің жұмысын қандай өзгерістер күтіп тұрғанын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Вице-министрге сұрақ

– Такси агрегаттарының, жүргізушілердің жұмысына мемлекет бақылауды күшейтіп жатыр. Мысалы, қарапайым такси жүргізушісі такси агрегатына (Яндекс такис немесе Индрайвер) бір, таксопарктерге екі төлейді. Ал бұл жерде мемлекеттік органның салық жағынан мүддесі қай жерде? Салықты кім төлейді? – деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі вице-министрден.

Жауап

Бұл сұраққа жауап берген Ержан Біржанов такси агрегаттарына Қазақстанның 500 мыңға жуық азаматы тіркеліп, жұмыс істеп жатқанын айтады. Оның бәрі бірдей жеке кәсіпкер емес. 

– Несие немесе алимент бойынша қарыздары бар азаматтар көп. Олар ресми түрде жұмыс істесе, сот орындаушылар олардың барлық табысын өндіріп алады. Расын айтсақ, бұл салада жүрген азаматтар көп қиындық көрген, әлеуметтік жағынан қиын санаттағы азаматтар ғой. Бәрін түсініп отырмыз. Олардың бәрін салық қызметіне тіркеп, талап етер болса, өте қиын жағдай болады. Сондықтан, біз бір жарым жыл ішінде жаңа режим – платформалық жұмысқа орналастыру жобасын іске асырып жатырмыз, – дейді ол.

Салықты таксистер емес, такси агрегаттары төлейді

Жаңа жоба шеңберінде такси жүргізушілері мен курьерлерге салық органдарына тіркелмей, міндеттемелерін орындауға болады. Олар үшін операторлар – такси агрегаттары төлейді. Агент ретінде 4 пайыздық салықты солар төлейді. 

– Барлық жағдайды көріп отырмыз. 4 пайыздық мөлшер салыққа емес, әлеуметтік салаға ауыстырылады. Зейнетақы қорына, әлеуметтік жағына, – дейді Ержан Біржанов.

Таксопарктер жайлы

Қазір такси жүргізушілері таксопарктерге бір, такси агрегаттарына бір төлейді. 

– Біз тексеру жұмыстарын жүргіздік. Қазір біз таксопарктердің қызметін алып тастап, 4-6 пайыз айналады ғой – оның орнына осы әлеуметтік төлемдерге бөлінуі керек деген қағида енгізіп жатырмыз. Таксопарктерге немесе басқа да төлемдерді азайтып, өзінің міндеттемелерін орындау үшін осылай енгізгелі жатырмыз. Сондықтан, шыға берісте жүргізушілерге қосымша ауыртпашылық болмайды.

“Таксопарктер мүлде алынып тастала ма, әлде оларға аударылып жатқан соманың мөлшері азая ма?” деген сұраққа Ержан Біржанов “егер платформалық жұмысқа азамат орналасса, онда таксопарктердің қызметі толық алынып тасталады” деп жауап берді. Оның айтуынша, бұл процес басталып та кеткен. Жоба арқылы 12 мың жүргізуші тіркеліп, тек агрегатордың сомасын төлейді. Агрегатор санап, жеке тұлға бойынша 4 пайызын аударып жатыр. Бірақ ол такси жүргізушілері жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Жаңа кодекс бойынша мемлекетке төлемді тек агрегатор төлейді, жеке кәсіпкер ретінде такси жүргізушісі тіркелмейді. 

Агрегатордың такси жүргізушілерінен алатын комиссиясы азая ма

Ержан Біржановтың айтуынша, бұл мәселе де қаралып жатыр. Өте күрделі әрі кешенді сұрақ дейді оны вице-министр.

– Тек агрегатордың комиссиясын төмендету ғана емес, азаматтардың қарыз ауыртпашылығын азайту мәселесін біз Әділет министрлігімен де талқылап жатырмыз. Себебі қарызы көп адамдар “көлеңкеден” шыға алмайды. Олардың банк картасы бұғатталып қалады. Себебі олар несиесі, қарызы бар адамдар. Олардан өндіріп алатын норманы азайту жағын талқылап жатырмыз. Үкіметте ол қаралады. Кешенді үлкен жұмыс. Тек салықпен реттеу емес, басқа бағытта да көмек көрсету керек деп ойлаймыз, – дейді Біржанов.

Бұған дейін Үкімет отырысында өзге сұрақтармен бірге көлік министрі Марат Қарабаевқа "ірі қалаларда такси бағасы неліктен қымбат?" деген сұраққа жауап берген еді.