Венесуэлада мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалды деген айыппен 6 шетел азаматы ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ұсталғандардың арасында АҚШ-тың үш азаматы, Испания азаматтығын алған екі азамат және Чехияның бір азаматы бар. Венесуэла ішкі істер министрі Диосдадо Кабеллоның айтуынша, шетелдіктер ел басшысы Николас Мадуро мен оның үкіметіне қарсы «зорлық-зомбылық әрекеттерін» дайындауға кіріскен.
Құқық қорғау органдары күдіктілерден Америкада жасалған 400-ден астам қару тәркіледі. Ел билігі АҚШ үкіметіне елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға қатысы бар деген күмән келтірді.
«Біз АҚШ үкіметінің бұл іске қатысы бар екенін білеміз», - деді Венесуэла ішкі істер министрі.
Сонымен қатар ол америкалық және испаниялық барлау қызметтерінің, сондай-ақ Венесуэла оппозициясының төңкерісті жоспарлауға қатысқанын атап өтті.