Әлеуметтік желіде Арыс гарнизоны әскери бөлімінің қызметкері басынан оқ жарақатын алып, ауруханаға түскені туралы ақпарат тарап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӨЗІНЕ ҚОЛ САЛМАҚ БОЛҒАН
Оқиға 16 қыркүйекте болған. Д. Т. есімді азамат Арыс қаласының орталық аудандық ауруханасына жеткізілген. Оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Орталық аудандық аурухана бас дәрігерінің сөзіне сенсек, әскери қызметкер өзіне қол салмақ болған.
ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ
16 қыркүйекте тәуліктік кезекшілікті атқару кезінде Арыс гарнизоны әскери бөлімдері бірінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі травматикалық қарудан басынан жарақат алды. Алдын ала ақпарат бойынша келісімшарт бойынша әскери қызметші отбасылық-тұрмыстық жанжал аясында өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Ол аудандық ауруханаға жеткізілді. Оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі уақытта денсаулық жағдайы тұрақты-ауыр деп бағаланып отыр. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, – делінген хабарламада.
Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін Жезқазғанда әскери бөлім офицері өзін кездейсоқ атып алғанын жазған болатынбыз.
Оқыс жағдай Ұлттық Ұланның 6505 әскери бөлімінің базасындағы атыс кезінде жаттығу алаңында болған.
Қауіпсіздік шараларын бұзу нәтижесінде офицер аяғынан жеңіл жарақат алды. Сол жерде оған қажетті көмек көрсетілді. Оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады, өмірлік маңызды органдар зақымдалмаған, – деп хабарлаған Өңірлік қолбасшылықтың баспасөз қызметі.
БҰҒАН ДЕЙІН
Қазнетте Алматыда Құрлық әскерлері Әскери институтының аумағында сержанттың денесі табылғаны жөнінде ақпарат тарады.
ІІМ НЕ ДЕДІ
Ақпаратты ішкі істер министрлігі растады. Өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу фактісі бойынша тергеу басталған.
Аталған факті бойынша Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы ҚР ҚК бірінші бөлігінің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, - деп хабарлады ІІМ.