«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының қолдауымен журналист Жәния Ұранқаеваның Үкіметі үйіне кіру мәселесін реттеу бойынша келісімге қол жеткізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“ӘДІЛ СӨЗДІҢ” МӘЛІМДЕМЕСІ
Қордың Үкімет аппаратына жолдаған өтініші негізінде Үкіметтің баспасөз қызметі журналисттің ғимаратқа кіру шектеуін 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін қайта қарауға келіскен. Жәния Ұранқаева өткізу және объектішілік режим туралы ереженің талаптарын, сондай-ақ Үкімет ғимаратындағы БАҚ өкілдерінің қызметін реттейтін өзге де құжатын сақтай отырып, өзінің кәсіби міндеттерін толық көлемде орындауға қайта орала алады. 2024 жылдың тамыз айында күшіне енген «Масс-медиа туралы» Заңның ережелері журналистерді маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарға бару кезінде белгіленген өткізу және объектішілік тәртіп талаптарын сақтауға міндеттейді.
– «Әділ сөз» қоры Қазақстан Республикасы Үкіметінің аппаратына, әсіресе, Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз қызметіне олардың ашықтығы, сондай-ақ әділдік пен заңдылық қағидаттарын ұстанғаны үшін шынайы ризашылығын білдіреді. Біз оларға қоғам үшін маңызды ақпаратты жеткізудегі журналист мамандығының маңыздылығын түсініп, мемлекеттік органдардың жұмысында ашықтық пен айқындықты қамтамасыз етуге жәрдемдескені үшін алғыс айтамыз. Қол жеткізілген келісім – БАҚ өкілдері мен мемлекеттік орган қызметкерлері арасындағы конструктивті диалогтың жарқын үлгісі және Қазақстан қоғамының мүддесі үшін басқа да мәселелерді шешуде конструктивті диалог мүмкіндіктерінің сарқылмас әлеуетін көрсетеді, – делінген хабарламада.
“Әділ сөз” сөз бостандығын қорғау қорының директоры Қарлығаш Жаманқұлова Ulysmedia.kz порталына қағидалардың ашық түрде жариялану мәселесі жақында шешімін табатынын айтады.
– “Әділ сөз” өз жұмысын жалғап аккредитацияға қатысты қағидалардың заңдығын соттың шеңберінде тексеруге, сол жағынан журналисттік қауымға заңды түрде қолдау көрсетуге дайын, – дейді Қарлығаш Жаманқұлова.
МӘСЕЛЕ НЕДЕН ТУЫНДАДЫ
Бірнеше күн бұрын журналистер жұмыс барысында кедергілерге тап бола бастағаны мәлім болды. Мәселен, журналист Жания Ұранқаеваға 2024 жылдың соңына дейін үкімет ғимаратына кіруге шектеу қойылған. Осыған ұқсас шектеулер Қазақстан парламентінде де байқалған.
ЖӘНИЯ ҰРАНҚАЕВА НЕ ДЕЙДІ?
"Менің ойымша, бұл таза цензура. Ғимаратқа кіруді шектейтін нормалар қайда? Жаңа ережелерге сәйкес журналисті аккредиттеуден айыруға болады. Ол үшін 2 немесе одан да көп ішкі тәртіпті бұзу керек. Маған қандай да бір ережелерді бұзғаным туралы жазбаша хабарлама жіберілген жоқ. Көзбе көз Мақсат Төлегенов (авт. Үкіметтің баспасөз қызметінің жетекшісі) ерекше қорғалатын объектілердің ішкі ережелеріне сілтеме жасады. Бірақ бұл ДСП ережелері, сондықтан оларды зерттеуге рұқсат етілмеді. Яғни, мені үкімет ғимаратына «көзге көрінбейтін» ережеге сай кіргізбей отыр. Мен Үкіметтің баспасөз қызметі басшысының әрекеттеріне шағымдануға ниеттімін",- деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда журналистерді аккредиттеудің жаңа ережелері күшіне енді.