×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Биыл қанша этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Биыл қанша этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
Коллаж Ulysmedia

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл 12 мың 325 этникалық қазақ елге оралып, қандас мәртебесін алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

1991 ЖЫЛДАН 1 МИЛЛИОН 140,7 МЫҢ ҚАНДАС ЕЛГЕ КЕЛГЕН

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 140,7 мың этникалық қазақ оралды. 2024 жылдың қаңтар айынан бері Қазақстанға келген қандастардың 45,6%-ы Қытайдан, 39,2% – Өзбекстаннан, 5,5% – Түрікменстаннан, 5,4%  – Моңғолиядан, 3,1% – Ресейден және 1,2% басқа елдерден.

2024 жыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 58,2%, еңбекке қабілетті жастан кіші 32,4% және зейнеткерлер 9,4% болды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінде жоғары білімі барлар 17,8%, орта кәсіби білімділер 24,2 пайыз және жалпы орта білімділер 54,1%, ал білімі жоқтар саны 3,6 пайыз. 

ҚАЙ ӨҢІРЛЕРГЕ ҚОНЫС АУДАРДЫ

Қоныс аударған этникалық қазақтар еліміздің түрлі өңірлеріне қоныстанды. Осылайша еңбек күші тапшы өңірлер анықталды. Ол аймақтар, Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адамды құрайды. 2024 жылы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 127 қандас қоныс аударды.

ОЛАРҒА ҚАНША ТЕҢГЕ МӨЛШЕРІНДЕ КӨМЕК БЕРІЛЕДІ

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Оларға бір мезгілге отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде ақша беріледі. Ал тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) қаржы ұсынылады.

2024 жылдың қаңтар айынан бері 1948 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 551 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 миллион теңгеге дейін мөлшерде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

2023 жылы пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы "бір терезе" қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі жұмыс істей бастады. Оның шеңберінде елге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда республиканың шет елдердегі мекемелері арқылы жаңа форматта этникалық қазақтардан 9 569 өтініш (656 отбасы) қабылданды.

Еске салсақ, қандастарға білім гранты биыл екі есе көп бөлінді. Сондай-ақ Қазақстанға биыл ең көп қандас Қытайдан келгені белгілі болған еді.