×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Ай сайын 600 мың теңге төлейміз»: Шымкентте элиталы үйге ақша салған үлескерлер шу шығарды

«Ай сайын 600 мың теңге төлейміз»: Шымкентте элиталы үйге ақша салған үлескерлер шу шығарды
Фото: видеодан скрин

Шымкентте үлескерлердің пәтерлеріне қоныстана алмай жүргендеріне үш жыл болған. Тұрғын үй кешенінің құрылысына 50-ден астам отбасы қаржы салған. Енді олар барлық жинақтарын жұмсап қойғанын айтып, шағымданып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІСІ

КТК телеарнасының ақпаратына қарағанда, "Асылтас" тұрғын үй кешені бірнеше жыл бұрын экологиялық таза материалдардан салынып, 90 пәтерлі үй ретінде жоспарлануы керек болған.

Мұнда "комфорт плюс" санатындағы тұрғын үй және жабық әрі абаттандырылған аумақ болатыны уәде етілген. Нысанды қысқа мерзімде тапсырамыз деген уәде беріліп, кепілгер ретінде "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" шыққан. 

Тұрғындардың сөзінше, көп жыл бойы бес қабатты үйдің терезелері мен есіктері әлі орнатылмаған.

Үй алу үшін көлігімізді саттық, оған қоса несие алдық. Енді әр ай сайын 600 мың теңгеге жуық ақша төлеп отыруға мәжбүрміз. Басында бізге шілдеде аяқтап, үйді тапсырамыз деді, кейін қыркүйекке ауыстырды. Одан соң компанияда қаражат жеткіліксіз екенін айтып, құрылыстың қашан аяқталатынын білмейтіндерін мәлімдеді. Біз көшіп-қонып, кезекті уәделерді тыңдап жүрміз, – деді тұрғын Ерғали Қалшабеков шағымданып.

ҮЛЕСКЕРЛЕР ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНА 572 МЛН ТЕҢГЕ БЕРГЕН

Пәтерлерін 56 отбасы үшінші жыл күтіп жүр. Жалпы алғанда, клиенттер құрылыс салушыға 572 миллион теңге берген. Құрылыс алаңындағы көрініс өзгермеген күйінде қалып отыр. Ал құрылыс компаниясының директоры болса, үйді тапсырамыз деп сендірді.

Құрылыс созылып кетті, сәйкесінше, сақтандыру жағдайы туындады. Қазір нысанды беру жұмыстары жүріп жатыр, яғни біз барлық құжатты, келісімшартты, нысанды "Қазақстан тұрғын үй компаниясына" 26 қыркүйекке дейін тапсырамыз. Сол күні "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" кепілдік жағдайы туралы хабарлайды, содан кейін нысанды қаржыландыру басталады, – деді "Crystal Shymkent" ЖШС директоры Дамир Уәлиев.

ТҰРҒЫНДАР АҚШАНЫ ҚАЙТАРУДЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

Құрылыс салушының айтуынша, "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" аяқталмаған үйді тексеріп, құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін қанша қаржы қажет екенін анықтауға тиіс. Бұл бірнеше ай уақыт алуы мүмкін. Алайда көп үлескер күткісі келмейді және прокуратураға жүгінуді жоспарлап отыр. Тұрғындар ақшасын қайтаруды талап етіп жатыр.

Еске салсақ, жақында Ақтөбе өңірінің баспанаға зәру тұрғындары 3 млрд теңгеге алданып қалған еді.