Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы, Талшық ауылындағы мектеп мұғалімі дәлізде бұрыш баллонын шашып, соның салдарынан бірнеше оқушы есінен танып құлаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НЕ ЖАҒДАЙ
Оқиғадан кейін үш адам дәрігердің көмегіне жүгінген.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 қыркүйек күні Ақжар ауданының орталығы Талшық ауылындағы мектепте оқушылардың есінен танып құлап жатқаны туралы ақпарат түскен. Хабарласқан адам дәлізде өткір иістің тұрғаны туралы айтқан. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобының қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторы мектептен оқушыларды, ұстаздар мен жұмысшыларды эвакуациялаған.
ҚАЛАЙ БОЛҒАН?
Мектептің екі мұғалімі бұрыш баллонын тексермек болып, шашып жіберген. Қауіпті иіс мектеп ішіне тараған.
Салдарынан аудандық ауруханаға 11 мен 9 жастағы екі оқушы, сондай-ақ 53 жастағы әйел жүгінді. Оларға медициналық көмек көрсетілген соң үйлеріне жіберілді. Бұрыш баллонын шашқан мұғалімдер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
СҚО білім басқармасы баспасөз қызметі де осы оқиғаға қатысты түсінік берді.
«Мектептің бірінші қабатында өткір иіс шығысымен барлық оқушылар мен қызметкерлер далаға шығарылды. Медициналық қызметкер барлығын тексеріп шықты. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері мән-жайды анықтады. Мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әріптесіне бұрыш баллонын көрсетпек болған. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Балалар мен ұстаздардың жағдайы қалыпты. Соттың шешімімен ұстаздарға шара қолданылатын болады», деді баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.