Бүгін (1900-1940) халық ақыны, әнші, әртіс, домбырашы, композитор Иса Байзақовтың туғанына 124 жыл толды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол Павлодар облысының Ертіс ауданында туған. Орынбор қаласындағы Қазақ халық ағарту институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген.
Жастайынан суырып салма ақындық, әншілік, домбырашылық өнерімен көзге түседі. 1919-1920 жылдары ел ішінде Бағит, Құдайберген деген ақындармен айтысып, жеңеді. Алғашқы өлеңдері 1924 жылы жарияланды. 1926 жылы Қызылордада қазақтың тұңғыш театры ашылғанда, М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен «Бәйбіше-тоқалында» басты рөлдерде ойнады. 40-тан астам халық әндерінің сөзін жаңа заманға, өмір салтына сәйкес қайта жазды. Репертуарындағы халық әндерінің көпшілігі «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын» операларына енді.
1931-1940 жылдары Алматы, Қарағанды, Семей қалаларында радиода, Жазушылар одағында қызмет етті. Оңтүстік Қазақстан облысында тұрып ауыл-ауылды аралап жалынды өлеңімен, асқақ өнерімен үгітшілік қызмет атқарды. Оның атақты «Желдірмелері» (бес желдірме) халық арасына кеңінен таралды. Шығармалары бірнеше рет жеке кітап болып басылып, орыс тілінде де жарияланды. Жазушы Н. Анов «Ән қанаты» романында, осы аттас кинофильмде әнші-ақынның көркем бейнесін жасады. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.
1980 жылы республикалық деңгейде алғашқы рет қазақтың халық ақыны Иса Байзақовтың туған күні атап өтілді.
И.Байзақовтың 80 жылдық мерейтойында «Беловодский» ұжымшарының атауы Иса Байзақов атындағы ауыл болып өзгертілді. Ертіс ауданындағы Мәдениет үйінің алдында Иса Байзақовтың бюст ескерткіші орнатылды. Оның есімі аудан орталығының көшелеріне берілді.
Иса Байзақовтың 100 жылдық мерейтойы салтанатты жағдайда Астана, Павлодар қалаларында және Ертіс ауданы мен оның туған жерінде атап өтілді. 2010 жылдың тамыз айында Павлодар облысында Иса Байзақовтың 110 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шаралар өтті.