Кейінгі жылдары әлем елдерінде жасанды интеллектіге қарсы шерулер мен наразылық акциялары жиілеп барады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
24kz-тің мәліметіне қарағанда, әсіресе шығармашылық сала мамандары арасында наразылық көп.
ҚАУІП ҚАЙДАН
Себебі нейрондық жүйе кесірінен жұмыс орындарының қысқаруы, адам еңбегінің құнсыздануы мен авторлық құқықтың сақталмауы белең алды. Жасанды интеллектінің пайда болуымен шығармашылық мамандықтардың болашағына үлкен қауіп төнді, – дейді мамандар.
Осыған байланысты композиторлар, музыканттар, суретшілер, тіпті жазушылардың өзі дабыл қағып, наразылықтарын білдіруде. 2023 жылы Францияда бір топ суретші мен дизайнер MidJourney секілді жүйелердің жұмысына қарсылық білдіріп, көшеге шықты. Шерушілер мұндай қосымшаларды қолдануды шектеп, адам шығармашылығын қорғауға арналған заңдарды күшейтуді талап етті.
ДАБЫЛ
Бүгінде әлем елдерінде жасанды интеллект негізінде жасалған өнімдер бірегей шығармалар күн өткен сайын көбейіп жатыр. Осыған алаңдаған өнер адамдары шығармашылық саланың мәні жоғалып барады деп дабыл қағуда.
2021 жылы Американың Лос-Анджелес қаласында музыканттар мен суретшілер бірлесіп, ел үкіметін жасанды интеллектінің ән мен бейнелеу әлеміндегі рөлін шектеуге шақырды. Олардың айтуынша, технология жақсы дамығанымен, шығармашылықты автоматтандыруға жол берілмеуі керек. Оған қарсы тиісті заң қабылдануы тиіс.
АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ
Жасанды интеллект көмегімен жасалған шығармалардың авторлық құқықты сақтамауы да қазір өте өзекті мәселелердің бірі. Әлем елдерінде ол әлі толық реттелмеген. Нейрондық жүйе көбіне бұған дейін жасалған шығармаларды негізге ала отырып, жаңа туынды жасап шығарады. Яғни жасанды интеллект тек дайын үлгілер мен алгоритмдерді негізге алады.
Ал бұл түпнұсқа туындыға қолсұғушылық, – дейді өнер иелері.
ЖАҢА ЗАҢ
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Еуроодақ елдері әлемде бірінші болып, «Жасанды интеллект туралы заң» қабылдады. Бұл заң жасанды интеллект жүйелерінің әділ және жауапты қолданылуын қадағалайды. Ал АҚШ-тың кей штатында ЖИ-ді шығармашылық салаларда пайдалануға қатысты шектеу енгізілді. Өз кезегінде көрші Қытай ЖИ арқылы жасалған контентке белгі қоюды енгізуді талап ететін заң қабылдады.