Ақмола облысы Степногорск қаласындағы №4 мекемеде отырған марафоншы, белсенді Марат Жыланбаев өзінің құқықтарының сақталмай отырғанын адвоткаты арқылы мәлімдеді. Абақтының басшысы жауап беруден бас тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Азаттық радиосының жазуынша, оппозициялық саясаткер, танымал марафоншы Марат Жыланбаев өзіне келген хаттарға да, жылы киімдерге де қол жеткізе алмай отыр. Онымен адвокаты Мейіржан Досақараев 1 қазанда жолыққан.
МӘН-ЖАЙЫ
Адвокаттың сөзінше, қылмыстық атқару кодексінің талаптарына сай, ол аштық жариялаған соң медициналық бөлімде болуы керек болған, бірақ оны арнайы тәртіптік изоляторға оқшаулаған. Адвокаттың айтуынша, бұрын туберкулез диспансері болған бұл мекемедегі тәртіп изоляторы деп аталатын бөлменің жағдайы өте нашар.
- Ол жер өте суық. Тәртіп изоляторындағы камерада екі терезе бар. Біреуі Мараттың кереуетіне қарсы. Ол бір қабат терезеден қатты суық ұратынын айтып, мекеме гаражында 20 терезе жақтауының жатқанын, соның бірін сырт жақтан орнатуды сұраған. Бұған қоса жылы курткасын, қосымша көрпе беруді өтінген. Бірақ әлі алмады. Бұрын тубдиспансер болған ол жер өте қауіпті, - дейді адвокат Досқараев.
Ол түрме басшылығына Жыланбаевтың өтінішін жеткізгенін, бірақ мекеме басшысы «қарызымыз өтелгенше бізге жылу қосылмайды» деп жауап бергенін айтады.
Адвокат Азаттыққа Марат Жыланабевтың түрме басшысына жазған арыздарын көрсетті. Оның бірінде марафоншы өзіне келген хатты да ала алмай отырғанын жазған.
"Мен камераға қарсы орнатылған видеоға көрінетіндей етіп «Неге үш күннен бері маған келген хаттарды бермей отыр?» деп плакатқа жазып, іліп қойдым. Бірден түрме қызмектерлері жүгіріп келді. Уақыттың кеш болып кеткенін, әлдебір ғимараттың жабық екенін айтты. Мен Қылмыстық атқару жүйесі комитеті адам құқығының мұнда да сақталуы тиістігін біледі деп ойлаймын" деп жазған арызында Жыланбаев.
АШТЫҚ
Марат Жыланбаев 7 жылға соттағаны үшін наразылық ретінде 40 күндік аштық жариялаған.
Биыл 19 тамызда марафоншы, тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан» партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев 61 жасқа толды. Туған күнін ол Атбасардағы түрменің тәртіптік изоляторында қарсы алды. Қамауда бірнеше рет аштық жариялаған әйгілі спортшының қалы қалай? Ulysmedia.kz тілшісіне Марат Жыланбаевтың жай-күйін 20 тамызда Атбасарға барып келген адвокаты Мейіржан Досқараев айтып берген еді.
Жыланбаевқа шыққан үкім
Еске сала кетейік, биыл қаңтарда Астана қаласының қалалық соты Марат Жыланбаевтың апелляциялық шағымы бойынша шешім шығарған еді. Ол инстанция Астана қылмыстық істер жөніндегі сотының Марат Жыланбаевты жеті жылға соттаған үкімін күшінде қалдырған. Белсендіге сотта «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты» және «терроризмді қаржыландырды» деген айыптар тағылған.
Марат Жыланбаев бұған дейін де бірнеше рет аштық жариялаған. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін оны босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырған болатын.
Бұған дейін Марат Жыланбаев жұбайымен телефон арқылы сөйлескенде өз өміріне алаңдайтынын айтқан. Ал ол оны адвокат Мейіржан Досқараевқа жеткізген. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың түрмеге келуін талап еткен.
Марат Жыланбаев жайлы
Марат Жыланбаев – қазақстандық марафоншы, тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының төрағасы. Ол әлемдегі ең үлкен шөлдермен жүгірген жалғыз адам.
Ол 1963 жылы 19 тамызда Қарағанды облысында дүниеге келген. Жер шарының ең ірі шөлдері – Азия, Африка, Австралия және Америкада жүгірген жалғыз адам. Оның әрбір жүгірісі кем дегенде 1200 км құрады. Халықаралық ультрамарафон жарыстарының жеңімпазы және жүлдегері. Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген 7 әлемдік рекордтың иесі.