Қазақстанда доллармен депозит жинау көрсеткіші төмендеп келеді. Ұлттық банктің мамандары бұған теңгемен жиналған салымның тиімділігі себеп болып отырғанын айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«2021 жылдың үшінші тоқсанында депозиттердің долларлану көрсеткіші корпоративтік тұрғыда, сондай-ақ бөлшектік тұрғыда да төмендеді (2021 жылдың 2 тоқсанын қарағанда). Бұл ретте жеке тұлғалар бойынша долларлану көрсеткіші төмендесе, корпоративті секторда долларлану өсімінің тоқтағанын байқауға болады. Нақтырақ айтқанда, бизнестің валюталық салымының үлесі осы жылдың маусым айында 38,0% құраған. Бұл көрсеткіш 2020 жылдың желтоқсанында 36,2% болса, 2020 жылдың қыркүйегінде 40,5% болған еді», - делінген Ұлттық банктің есебінде.
Халық салымының долларлану деңгейі біртіндеп төмендеп, осы жылдың маусымында 34,3%-дық үлесті құрады. Бұл көрсеткіш 2020 жылдың желтоқсанында 38,4% болса, 2020 жылдың қыркүйегінде 41,3% болған. Халық депозитінің долларсыздану үрдісі шағын және орта салымдар сегментінде байқалады.
Ел ішінде 10 млн теңгеге дейінгі салымы бар адамдардың депозиттерінің 16%, 50 млн теңгеге дейінгі салымы бар адамдардың 20% доллармен жиналған. Долларлану деңгейінің төмендеуі теңгемен салынған салымның кепілдігінің жоғары болуында.
«Ірі салымдар сегментінде (50 млн теңгеге жуық) долларлану деңгейі депозиттердің жалпы долларлану мөлшерінен 2 есе аса артық. Осылайша, елдегі жалпы депозиттердің долларлану деңгейі маусымда 36,2% құрап отыр», - делінген шолуда.