×
482.86
533.17
5.08
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
482.86
533.17
5.08

«Мұқағали Мақатаев – сорлы еркек» деген блогер желіде жұрттың ашуын туғызды

Бүгін, 20:24
«Мұқағали Мақатаев – сорлы еркек» деген блогер желіде жұрттың ашуын туғызды
Ulysmedia коллажы

Өзін рилсмейкер ретінде таныстырып жүрген Әлішер Теменов жарнама жасаған кезде ақын Мұқағали Мақатаевқа тіл тигізіп, сынға қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БЛОГЕР НЕ ДЕЙДІ

– Мұқағали Мақатаев жалпы “жаловаться” ете беретін сорлы еркек болады ғой – вот сондай. “Бүгін менің туған күнім ой пәлі-ай, мына адамдар неге жатыр тойламай” дейді. “Ей, сен бл… (былапыт сөз) бірінші жасасаңшы туған күніңді – сосын барамыз ғой. “Банкет жасап берер едім өзім-ақ, тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай” дейді. Причем тут, құдай? Сенің туған күніңде үстеліңнің жайылып тұрғаны құдайға байланысты ма? Өзің жаса! Еркексің ғой, не үшін отырсың мына жерде? Отаныңды қорғайсың – еркексің, әулетіңді қорғайсың – еркексің. Әйеліңді қорғайсың – еркексің. Үкіметтен “үйді қашан береді” деп күтіп отырсаң, онда сен еркек емессің, – дейді ол.

Блогер алдағы күндері “осындай рилстарды” түсіргісі келетін сарапшыларды өзінің сабағына (онысы ақылы) шақырады. 

– Провакацияның, пропоганданың көкесін жасап берем, – дейді ол.

ТӘРТІПКЕ САЛУ КЕРЕК СИЯҚТЫ

Университетте журналистикадан оқытушы Дастан Қастай блогердің бұл әрекетін сынап, жазба қалдырды.

– Қазір біз метамодерн кезеңінен өттік дейміз. Тұтас әлемде, адамзаттық кеңістікте “ақпараттық жарылыс” болғанын тәпсірлейміз. Бірақ, “адам құлдыраймын десе, құны бір контент” екенін ешкім ұғынбаған сияқты. Сол ақпараттық ғасырда ел алдына шығушы азды. Көз алдымда адамдық құны түсіп, мақұлықтық мінезі қоюланды. Босағаны баса беретін, керегені кере беретін, ана сүтіне аяқ сүрте беретін болдық. Және ең қауіпті тұсы - ел алдында көрсеткен қораш қылығына ешкімнің арланбауында. Біреуді - біреуге айдап салғым келмейді, бірақ тәртіпке салу керек сияқты мынаны.Ескерте кетер бір жайт, ешкім сенің құрығыңа түскен жоқ, сол құрығыңды Мұқағалиды қорлау арқылы құрмау керек еді, – дейді ол.

НАДАНДЫҚҚА ШАРА ҚОЛДАНУДЫ СҰРАЙМЫН

Журналист Азамат Әбілқайыр болса Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны желіде белгілеп, ақын Мұқағали Мақатаевты “сорлы еркек, бл**” деп балағаттаған мына бассыздыққа, көргенсіздікке, топастыққа, надандыққа шара қолдануды сұрайды.

– МҰҚАҒАЛИ - ұлттың ұжданы. МҰҚАҒАЛИ - қазақ әдебиетін зау биікке көтерген тау тұлғалы ақыны. МҰҚАҒАЛИ - қазақтың жүрегі, қазақтың өзі! Өзінің кәсібі, атағы үшін ұлттың ұлы тұлғасына тіл тигізген, оны мансұқтаған, балағаттаған мына өресіз жазасыз қалмауы тиіс! Айыбын мойындап, кешірім сұрауын талап етемін! Сізді ел мәдениетіне жауапты министр әрі руханияттың жанашыры деп білемін. Сондықтан мына ұятсыздық елеусіз қалмауы керек деп есептеймін! – дейді ол.

Блогерге қатысты желіде сынды басқа адамдар да жазып жатыр.

P.S. Көпшіліктің сынынан кейін блогер бұрын жариялаған видеосын парақшасынан жойып, кешірім сұрады.

– Халықтың қошеметіне ие болып, масайып кеттім. Бір сәтте қайтадан есімді жиғандай болдым, – дейді ол.

“Жаздым, жаңылдым, тентек болсам да мен де бір қазақтың ұлымын” дейді сөзінде блогер.