Израиль әскері Ливан астанасы Бейрут қаласына жасаған әуе соққыларының нәтижесінде ислам радикалдық қозғалысының Ираннан қару жеткізуге жауапты адамы Сухейл Хусейн Хусейни өлтірілгенін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.
ХУСЕЙНИДІҢ РӨЛІ
ЦАХАЛ дерегінше, Хусейни Иран мен Хезболла арасындағы қару тасымалындағы маңызды рөлге ие болған. Ол заманауи қаруды топтың бөлімшелеріне жеткізуді және таратуды жіті бақылаған деседі. Сондай-ақ ол Хезболланың маңызды жобаларының бюджетін, материалдық-техникалық қамсыздануын жасақтауға, террористік шабуылдарды үйлестіруге жауапты болғаны айтылды.
“ХЕЗБОЛЛА” ЖЕТЕКШІСІНІҢ ӨЛІМІ
Қыркүйектің ортасында Ливанда Хезболла тобы жедел байланыс үшін пайдаланған пейджерлер мен рациялар жаппай жарылған. 27 қыркүйекте Израиль әскері Бейруттың оңтүстігіндегі Хезболла штабына шабуыл жасап, қозғалысты 30 бойы басқарған жетекшісі Хасан Насралланы өлтірген.
ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ ЭСКАЛАЦИЯ
Таяу Шығыстағы жағдай 2023 жылғы 7 қазанда күрт шиеленіскен. Бірқатар елдерде террористік деп танылған Палестина аумағындағы ХАМАС қозғалысы Израильге жаппай шабуыл жасап, зымыранмен атқылаған. Аумағына басып кіріп, бейбіт тұрғындарды қырған. Салдарынан 1200-ге тарта адам опат болған. Қозғалыс жасағы 250 адамды кепілге алып, оларды газа секторына алып кеткен. Олардың бір бөлігі алмастырылса, бір бөлігі қаза тапқан.
Израиль бұған жауап ретінде ХАМАС-қа соғыс жариялады. ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Газа секторындағы құрлықтық және әуе шабуылдарының салдарынан 42 мыңға жуық палестиндік көз жұмған. Палестиндік жасақты ливандық шииіттік қозғалыс Хезболла қолдап, Израильді Ливан жағынан ұдайы атқылап келеді.
2024 жылғы қыркүйектің екінші жартысында Израиль Хезболлаға қарсы әскери операция жариялап, Бейрутты атқылай бастады. Содан бері Ливанның оңтүстігіндегі Хезболламен байланысы бар делінген нысандарға әуе соққыларын жасап келеді.