Екі ер адам студент қызды аса қатыгездікпен өлтіргені үшін сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен пайдакүнемдік ниетпен аса қатыгездікпен қасақана кісі өлтірді деген айыпталушылар Қ. және С.-қа қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі 5),7),8)-тармақтары бойынша).
Биыл 6 наурызда сотталушылар жәбірленушімен ортақ танысы арқылы танысып, соңғысы жәбірленушіні уақытша бір жерге орналастыруды өтінген.
Осы мақсатта Алматы қаласында пәтер жалға алынған.
Екінші күні қаражаттары бітуіне байланысты жалдау ақысын одан әрі төлеу үшін, сотталушы Қ. жәбірленушіні өзіне тиесілі iPhone 13 Pro маркалы смартфонды комиссиялық дүкенге тапсыруға, кейінірек оны қайта сатып алуға уәде беріп, көндірген.
Түскен қаражатты жұмсағаннан кейін сотталушылар жәбірленушіні банктер мен микроқаржы ұйымдарында жалпы сомасы 435 мың теңгеге ақшалай қарыздарды ресімдеуге көндірген.
12 наурызда сотталушылар жәбірленушінің смартфонын комиссиялық дүкеннен жасырын сатып алып, оны 240 мың теңгеге сатқан, ал түскен қаражатты жеке мақсатта пайдаланған.
Жәбірленушінің смартфонды қайта сатып алу туралы бірнеше талабынан кейін сотталушылар смартфонды қайтармау және несие бойынша қарыздарды өтемеу үшін жәбірленушіні өлтіруді шешкен.
ӨРТЕП ЖІБЕРГІСІ КЕЛГЕН
Осы мақсатта 15 наурыз күні түнде сотталушылар жәбірленушіні үйіне апару сылтауымен онымен бірге жолға шығып, сағат 02:00 шамасында Қонаев-Қазақстан автожолының 36-шақырымына жетіп, жолдан шығып, ашық учаскеге тоқтаған.
Сотталушылар кезек-кезек жәбірленушіні ұрып-соғып, оны өртеуге тырысқан, содан кейін олар оқиға орнынан қашып кеткен.
Жәбірленуші алған жарақаттарынан сол жерде қайтыс болған.
Сотталушылардың кінәсі іс материалдары: куәлардың айғақтары, сараптамалардың қорытындылары және басқа да дәлелдемелер арқылы дәлелденген.
Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
СОТ ҮКІМІ
Сот үкімімен Қ. және С. өздеріне тағылған іс-әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.