×
489.06
536.21
5.05
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
489.06
536.21
5.05

Елбасы сайты казино жарнамалап жүр

Бүгін, 20:32
Елбасы сайты казино жарнамалап жүр
Коллаж

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сайты доменін nazarbayev.kz деп өзгерткеннен кейін оның бұрынғы домені бос қалып, оны алаяқтар иемденіп алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙЫ

HALYQSTAN телеграм-арнасында тараған ақпаратқа қарағанда, elbasy.kz сайтында енді Назарбаевтың қызметінен хабар беретін ақпараттар мен суреттердің орнына онлайн казиноны қалай дұрыс таңдау керектігі айтылып, “қазақстандық үздік казинолардың рейтингі” көрсетілген.

Сайттың байланыстар бөліміндегі e-mail адресте экс-президенттің бұрынғы титулы пайдаланылған.

Хабарламада сайт сілтемесін мекенжай жолағына жазған кезде сайт ашылмай, 503 деген қате көрсетіп тұратыны, Google іздеу жүйесі арқылы оңай кіруге болатыны айтылады. Алайда қазіргі кезде сайт мүлде ашылмай тұр.

ЕЛБАСЫ

Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі тұсында 2010 жылы “Тұңғыш Президент – Елбасы туралы” заң қабылданған. Оған сай, экс-президенттің өзі мен отбасына ерекше артықшылықтар мен өкілеттер берілген. Мәселен, Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне ешкімнің тиіспеушілігіне, оның ішінде мүлкіне, тұрғын және қызметтік үй-жайларына, жеке және қызметтік көлік құралдарына, хат-хабарларына, олар пайдаланатын байланыс құралдарына, банктік шоттарының банктік құпиялығына қол сұғумашылыққа заңдық кепілдік берілген. Оны бұзған тұлғаларды қылмыстық қудалаушылыққа ұшырату көзделген. Он екі жыл әрекет еткен заң Қаңтар оқиғасынан кейін көп өтпей күшін жойды. Алдымен Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген ерекше артықшылықтар 2022 жылғы маусымда өткен конституцияны өзгерту бойынша референдум нәтижесіне сай алынып тасталса, артынша 2023 жылғы қаңтарда Конституциялық соттың қаулысымен “Тұңғыш Президент – Елбасы туралы” заң мүлде күшін жойған. Назарбаевқа берілген ресми “Елбасы” титулы заңдық күшін жойған соң, ол туралы сайттың домені де ауысуға тиіс деп тапқанға ұқсайды.