Депутаттар бұған дейін Көлік министрі Марат Қарабаевқа жолдаған. Министр әуежайларға деген түсініктік таныта жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ХАЛЫҚТЫ КІМ ОЙЛАЙДЫ?
Бұған дейін Ерболат Сатыбалдин бастаған бір топ депутат министрге сауал жолдап, ұшақтың бағасы күн санап аспандап бара жатқанына назар аудартқан. Оның айтуынша, Астана – Ақтау бағытында билет құны 60 мыңнан түспесе, жаңадан құрылған облыстар бағытындағы Астана – Семей 21-60 мың, Астана – Жезқазған 21-60 мың, Астана – Талдықорған бағытында орташа бағам 40 мың теңге. Билет құнын әуежайдың алымдары мен жанармай шығыны 80 пайызына жуығын құраса, қалған 20 бөлігі әуежай компаниясының табысы.
– Ал енді ұшу уақыты таянғанда Қазақ эйр компаниясының 21000 теңге маңайында сатылатын билеттерді 60 мыңға дейін шарықтатып жіберетіні қалай? Жанармай мен әуежай қызметі бағасы өзгермесе, өзінің табысын билеттің құнынан үш есе өсіріп, қысылтаяңды пайдаланып ашкөздікпен пайда тапқаны ма? Бағаның бұлай динамикалық өсуі нарықтың сұранысымен түсіндірері хақ, алайда халықты кім ойлайды? Оқыстан өлім-жітімге, шұғыл шаруасы шыққан жандардың үстінен пұл айырып, қалтасын қағу, адамгершілікке сай ма?! Бұл баға жүйесі халықты қанауға ғана бағытталған. «Лоукостердің» де нарқы шарықтап тұр. Лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу көрші елдердің бағасынан екі есе қымбат. Оның үстіне ұшаққа билет бола тұра салонындағы орынды бөлек сатып алуға мәжбүрміз, – дейді депуаттар.
МЕМЛЕКЕТ РЕТТЕМЕЙДІ
Бұл сұраққа жауап жолдаған Марат Қарабаев ең алдымен, халықаралық тәжірибеге сәйкес баға белгілеу заңмен реттелмейтінін атап өтеді. Баға белгілеудің нарықтық тетігі (сұраныс, ұсыныс) қолданылады.
– Авиакомпаниялар шығыстарының шамамен 80 %-ы шетел валютасында – ӘК сатып алу немесе лизинг, қосалқы бөлшектерді сатып алу және т.б. жүргізілетінін атап өту қажет. Бұл ретте, авиакомпания табысының 80%-ға жуығы теңгемен алынады. Осыған байланысты, өз шығындарын жабу үшін авиакомпаниялар валюта бағамының қысымына байланысты билеттердің құнын түзетуге мәжбүр. Соңғы 5 жылда валюта бағамы 327 теңге/АҚШ доллардан (2018 ж.) 478 теңгеге/АҚШ долларына дейін өзгерді (2024 ж. тамыз). Осыған қарамастан, қазақстандық авиакомпаниялардың авиабилеттерінің құны долларлық баламада өзгерген жоқ, сондай-ақ ішкі маршруттар бойынша авиабилеттердің бағасы қазіргі уақытта 2021 жылғы қараша деңгейінде қалып отыр. Жалпы, авиабилеттердің бағасы мемлекеттік реттеуге жатпайды, – делінген жауапта.
Министр сонымен қатар егер авиакомпания бағаны негізсіз көтерсе, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі монополияға қарсы ден қою шараларын қолданатынын ескертеді.