×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Бұл не масқара?» Қорғаныс министрінің әйелі түскен бейнебаян көптің ашуын туғызды

11.10.2024, 23:25
«Бұл не масқара?»  Қорғаныс министрінің әйелі түскен бейнебаян көптің ашуын туғызды
Ашық дереккөзден

Бұған дейін үнсіз болған Қорғаныс министрлігінің өкілі министр Руслан Жақсылықовтың жұбайы қатысқан бейнебаянға түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖАҚСЫЛЫҚОВТЫҢ ӘЙЕЛІ ТҮСКЕН БЕЙНЕБАЯН

Әлеуметтік желілерде және Telegram арналарында министрдің жұбайы қатысқан музыкалық клипте әскери техника мен тікұшақтың қатысқаны қызу талқыланып жатыр. 

Блогер Нұрсейіт Жылқышыбай “бұл не масқара” деп кекесінге толы жазба жариялады. 

“Қарай бергің келе ме? Әлде қорғаныс министрінің әйеліне бәрі жараса ма? Ай мен күннің аманында қаза тапқан сарбаздарымызды ойласақ өңешімізге сүйек тұрып қалатыны жасырын емес. Бұл кісінің мың бұралып жүргенін қалай түсінуге болады”, – дейді Жылқышыбай. 

“ТЫРНАҚ АСТЫНАН КІР ІЗДЕУ...” 

Министрлік өкілі Руслан Жангуллин бұл оқиғаға қатысты “тырнақ астынан кір іздеу” деп мәлімдеме жасады.

"Тырнақ астынан кір іздеудің қажеті жоқ. Қорғаныс министрінің әйелі қатысқан Ұлттық гвардия туралы бейнебаян шамамен 10 жыл бұрын түсірілген. Бірнеше жылдан кейін кейбір БАҚ пен блогерлер осы клиптің пайда болуын өз бетінше түсіндіре отырып, бұл туралы қандай да бір сенсация жасауға тырысатыны таңқалдырды", – дейді Жангуллин.

Жангулиннің айтуынша, бұл бейнебаян Ұлттық ұланның алғашқы әскери-патриоттық және имидждік бейнебаяны болған. Әнді Ұлттық ұланның ән-би ансамблінің әншісі Эльмира Баққали орындаған. Түсірілім әскери бөлім аумағында және оқу полигонында өткен. Әскери техника мен жеке құрамның қатысуымен бейнекадрлар жоспарлы жауынгерлік дайындық сабақтары кезінде түсірілген.

“Бейнебаянды түсіруге мемлекет қаржысы жұмсалған жоқ. Демеушілердің қолдауымен түсірілген",- деді министрлік өкілі. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Руслан Жақсылықовтың  әйелі Эльмира Баққали әнші Мархаба Сәбидің сөзіне жазылған “Қазақстан” әніне 2015 жылы бейнеклип түсіргенін жазған едік. 

ЭЛЬМИРА БАҚҚАЛИ КІМ?

2014 жылы Руслан Жақсылықов Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы болып тағайындалған еді. Ал бейнеклип Эльмира Баққали ансамбль құрамында болғанда 2015 жылы жарыққа шыққан.

Сондай-ақ Эльмира Баққали – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. "Құрмет" орденінің иегері. Ол Ұлттық ұланның ән-би ансамблі би тобының көркемдік жетекшісі болған.

ЖАҚСЫЛЫҚОВ КІМ?

1966 жылы 4 наурызда Алматы облысы Қаскелең қаласында дүниеге келген.

Әр жылдары Қарулы Күштері гвардиялық оқу-жаттығу орталығының барлау бастығы, ІМ ішкі әскерлер бригадасының штаб бастығ,  ІІМ ішкі әскерлер бас штабының бастығы. Ұлттық ұланының бас қолбасшысы, Ішкі істер министрінің орынбасары қызметтерін атқарған. 

2022 жылғы 19 қаңтардан бері Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі.

Руслан Жақсылықовты ел қорғаныс министрінен көрі, «ұнмаса көшіп кет» деген сөзі арқылы жақсырақ таниды.

АРМИЯДАҒЫ ӨЛІМ

Кейінгі жылдары «армияда көз жұмды» деген бір сарбаздың топырағы суымай жатып, екіншісі жан тапсырып жатыр. Қорғаныс министрінің орынбасары – генерал-майор Бақытбек Сыдықов қарулы күштерде соңғы төрт жылда 40 әскери қызметкер өзіне қол салғанын хабарлаған. Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болғанын айтқан.

ӘСКЕРДЕГІ БУЛЛИНГ

Әскери саланы зерттеп жүрген журналист Амангелді Құрмет әскердегі, қала берді қоғамдағы буллинг қоғамның мәдени, құқықтық санасының көрінісі десе, әлеуметтік теория зерттеушісі Ғалым Жүсіпбек бүгінгі қазақ қоғамындағы зорлық, әлімжеттік, адам тұлғасын қастерлемеу сынды теріс әрекеттердің себебі тоталитар жүйемен тығыз байланысты деп санайды.