×
481.84
531.33
5.07
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
481.84
531.33
5.07

Әскердегі өлім, буллингты азайту, әлемдік тәжірибе, десоветизация

Әскердегі өлім, буллингты азайту, әлемдік тәжірибе, десоветизация
Коллаж Ulysmedia.kz

Қазақстан әскері сапындағы өлім, «жазатайым жағдайлар» азаймай тұр. Қыркүйек айының өзінде елді дүрсілкіндірген бірнеше қайғылы оқиға тіркелді. Ulysmedia.kz тілшісі әскер сапындағы қайғылы жағдайларға жеткізіп жатқан буллингтің түп-тамыры неден шығатынына үңіліп көрді.

РЕСМИ ДЕРЕК

Соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған. Қорғаныс министрлігі әскердегі өлімнің көбін жазатайым жағдай ретінде, суицид фактілерін тұрмыстық қиындықтармен түсіндіріп жатады. Десе де көпті мұның артында армия сапындағы аяусыз әлімжеттік тұрған жоқ па деген ой мазалайтыны жасырын емес.

ӘСКЕРДЕГІ БУЛЛИНГТЫ АЗАЙТУДАҒЫ ӘЛІМДІК ТӘЖІРИБЕ

Әдетте әскердің іші бөлек әлем, ол жерде өзге түсініктер, басқаша ереже салтанат құрады. Бұл тіпті жауынгер өмірінің ажырамас бөлігі саналады. Әскерде таяқ жемеген адам кемде-кем. Таяқ жегізудің сан түрі мен тәсілі туралы борышын өтеген әр жігіт айтып бере алады. Жалпы әскердегі буллинг барлық жерде бар делінеді. Тек кей мемлекеттер әлімжеттік деңгейін төмендетіп, өзіне қол салу деректерін азайта білген. Солардың кейбірінің тәжірибесіне үңілейік.

ИЗРАИЛЬ

Омбудсмен жүйесі: Израиль армиясында жанжал, буллинг бойынша жауынгер арыз-шағым түсіре алатын тәуелсіз омбудсмен жүйесі жұмыс істейді.
Психологиялық қолдау: Сарбаздарға психологиялық қызметтер ұсынылады, ал офицерлер буллингті анықтау және ескерту бойынша ұдайы оқудан өтеді.
Процестердің ашықтығы: Әскери қызметкерлер әскердегі кез келген қарарға қарсы қатынас пен әрекет туралы анонимді түрде хабарлай алады.

КАНАДА

Қатаң тәртіптік кодекстер: Канада қарулы күштерінде буллингке қатысты қатаң ережелер әрекет етеді. Оның бұлжытпай орындалуына әрі сарбаздардың психологиялық қауіпсіздігіне командирлер жеке жауапкершілік арқалайды.
Оқу бағдарламалары: Командирлер мен қатардағы әскери қызметкерлер тұрақты түрде адам құқығы мен этика бойынша тренингтен өтіп тұрады.
Қолдау, кеңес беру: Әскерде арыз-шағым мен психологиялық көмекке арналған жедел желілер жұмыс істейді.

СКАНДИНАВИЯ ЕЛДЕРІ: НОРВЕГИЯ МЕН ШВЕЦИЯ

Адам құқығына назар салу: Скандинавия елдерінің әскері адам құқығын қастерлеу қағидатын берік ұстанады, бұл әлімжеттік ықтималдығын азайтады.
Басқарудың жұмсақ күштері: Әскердегі басшылық бейформал ирархия пайда болмауы үшін жауынгерлер мен командирлер арасында горизонталды қатынас құруға тырысады.
Әлеуметтік интеграция: Әскер сапына жаңа келген сарбаздар тәлімгерлік бағдарламадан өтеді. Оған сай бұрынырақта келген сарбаздар оларға бейімделуге көмектеседі, бірақ басқармайды.

ӘСКЕР – ҚОҒАМНЫҢ АЙНАСЫ

Әскери саланы зерттеп жүрген журналист Амангелді Құрмет әскердегі, қала берді қоғамдағы буллинг халықтың мәдени, құқықтық санасына, оның әлеуметтік жай-күйіне тікелей байланысты екенін айтады.

– Армия – қоғамның бір бөлшегі, яғни қоғамдағы көріністер өкінішке қарай, армияда да қайталанады. Қазір қоғамда сонау мектептен бастап ер азаматтар арасында, тіпті қызметте те булингтің түрлі деңгейі бар. Әлемдік тәжірибеге үңілсек, мәдениеті өскен, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы мемлекеттерде буллинг біршама аз болатыны байқалады. Демек біздің армиядағы буллингтің де қоғам дамуымен тікелей байланысы болуы мүмкін, – дейді сарапшы.

Амангелді Құрмет буллинг қоғамда адам құнының төмендігінен хабар береді деп санайды.

– Өкінішке қарай, біз адамның жеке басын құрметтеуді, жеке кеңістігіне қол сұқбауды әлі үйрене алмай жатырмыз. Егер қоғамда адамның қадірі жоғары, елдің әлеуметтік жағдайы жақсы болса, бәлкім онда әскердегі әлімжеттік та азаяр ма еді. Оның үстіне қоғамда қылмыстың романтизациясы әлі де сақталып отыр. Мысалы, белгілі бір минисериал, ролик түсіретін азаматтар мектептегі балалар төбелесін, қылмыс әлемінің ішінде беделге ие болған адамдардың әрекетін сипаттайтын өнімдерді әлі де нарыққа шығарып жатыр. Оны азаматтарға көрме дей алмаймыз. Бірақ бұл қылмысты романтизациялаудың бар екенін айғақтайды. Қоғамдағы осы кеңестік кезеңнен жалғасып келе жатқан қылмысты романтизациялау, «түсінік» деген ұғыммен өмір сүру, бір-біріне қысым жасау деген элементтер армияға да кетіп қалып жатыр. Мұндай кезде буллинг әлбетте сақталады. Оның үстіне кілең ер азаматтар жиналған ортада өкінішке қарай, кім мықты дегенді анықтайтын табиғи инстинк деңгейіндегі көзқарас бар. Әрі бұл мықтылықты анықтау жұдырықпен өлшенеді, – дейді сарапшы.

Амангелді Құрмет буллинг мәселесінде әскерилердің өз ісіне жауаптылығын назарда ұстау керектігін, олардың кей кездегі салғырт-салақтығы да, жауапкершіліктен қашуы да жалпы жағдайға әсер етпей қоймайтынын атап өтті.

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ ТҮП-ТАМЫРЫ – ТОТАЛИТАРИЗМ

Әлеуметтік теория зерттеушісі Ғалым Жүсіпбек бүгінгі қазақ қоғамындағы зорлық, әлімжеттік, адам тұлғасын қастерлемеу сынды теріс әрекеттердің себебі тоталитар жүйемен тығыз байланысты деген пікірде:

АДАМ ӨЗІН ДӘРЕТХАНАНЫҢ ӨЗІНДЕ ҚОР СЕЗІНДІ

Адамзат тарихында үш қана тоталитар жүйе болды. Біріншісі – Кеңес Одағы, екіншісі – Фашистік Германия, үшіншісі – Мао Цзэдун тұсындағы Қытай. Соңғы екі жүйе аз өмір сүрді. Ал Кеңес Одағы 70 жыл бойы өмір сүрді. Тоталитар жүйенің авторитар жүйеден айырмашылығы саяси зорлық-зомбылық норма болады. Ол қоғамдық алаң аясынан шығып, билік жеке адамдардың өміріне араласады. Балабақшадан дәретханаға дейін араласады. Мен посткеңестік елдердің біразында – Әзербайжанда, Украина, Ресейде, Өзбекстан, Қырғызстанда болдым. Бәрінде дәретхана мәдениеті төмен. Гигиенаға сәйкес дәретхана табу қиын. Суы, қағазы болмайды, болса да сары қағаз, газет қояды. Дәретхана ішін бөліп тұратын аралық қабырғалар жоқ. Адам дәретханаға барған кезде, оның адами қасиеті сыйлануы керек. Кеңес Одағында ол болмады, адам өзін дәретхананың өзінде қор сезінді.

АШАРШЫЛЫҚТЫҢ ЕҢ АУЫР ЗАРДАБЫ

Ашаршылық тек халықты қыру, көшпенділердің әлеуметтік-экономикалық негізін құрту ғана болған жоқ. Тоталитар жүйе мемлекеттің алдына келмеген, мемлекетке қол жаймаған қазақтарды, режим алдына келтіруді ойлады. Идеалдандырғаным емес, бірақ көшпелі болсын, отырықшы болсын қазақ мәдениеті өзін қамтамасыз ете алған. Алты ай қысқа, түрлі жұтқа қамданған, әлеуметтік қатынастары соған құрылған мәдениет болған. Бір-біріне көмектескен. Өз-өзіне жеткілікті, мемлекетке қол қусырып, алақан жайып отырмаған. Ағылшынша Аgency деген орныққан термин бар. Орысша «Агентность», қазақша «Пәрмен» деп аударып жүр. Ең ұзақ ашаршылық Қазақстанда болды. Соның салдарынан билікке алақан жайып көрмеген, ешқашан «маған көмектесші», «бір тілім нан берші» деп сұрамаған халықты сұрауға, алақан жаюға дейін жеткізді. Мұның арты масылдыққа ұласты. Бүгінде зіңгіттей ересек жігіттер «маған неге жұмыс тауып бермеді» деп жылап жүретіні содан. Ашаршылықты көрмеген Қытайдан келген қандастар «жер беріңдерші, қалғанын өзіміз жасап аламыз» деп айтады. Ал Қазақстандағы қазақтарда бір жігерсіздік бар. Өздеріндегі пәнменді, агенттігін қолдана алмайды. Наразылық танытатын жерде наразылық жасай алмайды. Асқынған кезде ғана жарылып, жарылғанда быт-шытын шығарып жібереді.

Тоталитар жүйе, осылайша қазақ халқының адами агенттігін жоя отырып, зорлық-зомбылық көрсетті. Қолындағы малын тартып алды, ұрды-соқты, атты. Колхоз, совхоздар ашық аспан астындағы түрмеге айналды. Әскермен қоршап, күзетті. Осылай, 1928 жылдан 1933 жылға дейін халыққа жүйелі зорлық-зомбылық жасалды. Халықты агеттігін қолдана алмайтындай бейшара халге жеткізді. Осыны көрген халық «травма» алады, кей жағдайда зорлық-зомбылықты қабылдайды. Сондықтан тоталитарлық жүйеде адамдар зорлық жасайды. Тіпті интеллектуал орталардың өзінде жиналыстарда адамды тұрғызып қойып, ешқандай адами абырой, қадір қасиеті жоқтай жермен жексен қылады. Бір уыс бидай, қате айтылған сөз, жиналыста ұйықтап қалу сияқты болмашы нәрсеге бола адамды сонша қорлады. Бірнәрсе болса, адамды ГУЛАГ-қа жіберіп, 20 жыл аазапты жұмысқа салған. Оның өрескел түрі атып тастау. Солай мыңдаған адам атылды. Мұндай қоғамда өмір сүрген адам бірте-бірте зорлық-зомбылықты өзіне сіңдіреді, нормаға айналдырады.

ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ

Дәстүрлі қазақ қоғамында зорлық-зомбылық мүлде болмады деу қате. Бірақ өте қатты реттелген еді. Дәстүрлі қазақ қоғамы тайпалық-рулық қоғам болды. Оның плюстері де минустары да бар. Плюстеріне келер болсақ, қайсібір адам қылмыс жасаса, оның қылмысы жеке басының қылмысы болып саналмаған. Ол ру жауап беретін қылмыс болып саналған. Қылмыс үшін құнды ру төлеген. Бұның үлкен плюсі әр адам не істеп, не қоятынына көңіл аударатын. Өйткені ертең руы таяқ жейді. Осы нәрсе тізгіндейтін фактор қызметін атқарған.

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҚҰРАЛ БОЛДЫ

Кеңестер одағында зорлық-зомбылық құрал болды. Мемлекет солай басқарды, тіпті мемлекет солай құрылды. Большевиктер өте қанпезер әрі алдауға жақын болды. Сондықтан Кеңес үкіметінде алдау, арбау интрига нормаға айналды.

Әскерде зорлық-зомбылық тіпті заң болған. Егер офицер қарамағындағы дәрежесі төмен адамдарға зорлық-зомбылық жасамаса, нағыз офицер емес еді. Зорлық-зомбылық ішкі кіріп, сіңіп кеткен жағдайға айналды.

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Ұлтшылдықтың асқынған формасына шалдыққан фашистік Германия екінші дүниежүзілік соғыстан ойсырай жеңілгеннен кейін, толықтай денацификация жасады. Құндылықтарын қайта қарап, адамды қастерлейтін демократиялық қоғам құра алды.

Ал бізде тәуелсіздік алғаннан кейін десоветизация жүрген жоқ. Бізде десоветизацияны экономиканы нарықтық рельсе ауыстыру деп қабылдады. 90 жылдары жіберілген үлкен қателік нарықтық экономикаға біртіндеп өтіп, көп күшті білім беру саласын өзгертуге жұмсауымыз керек еді. Керісінше, білім беру саласы құлдырап кетті. Білім беру, өнер, ғылым салалары адамның рухани дүниесін өзгертіп шығарады. Германия, Еуропа сол жолдан өтті. Біз соны өткізіп алдық. Бірақ әлі де кеш емес.

Сонда десоветизациядағы негізгі фокус – зорлық-зомбылықты нормадан шығарып тастау, ұғымдарымызды қайта қарау. Бізде ұғымдар өте қатты өзгерді. Мысалы, кісіні сыйлау дегенді тамақ беріп, тойдырып жіберу деп түсінетіндей төменгі деңгейге түсіріп жібердік. Адамды сыйлау – оның адами қасиетін сыйлау, зорлық-зомбылық жасамау, туа бітті қасиеті үшін қастерлеу деген сөз.