«ҚазАвтоЖол» компаниясы еліміздің тағы екі облысында жолдардағы қозғалысқа шектеу қойылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ
2024 жылғы 12 қазанда сағат 19:30-да ауа райының бұзылуына байланысты Қызылорда-Павлодар автожолының 967-1135 шақырымында (Қарағанды қ. – Павлодар облысының шекарасы) және Қарағанды-Аягөз-Боғаз автожолының 17-217 шақырымында (Қарағанды қ. – Қарқаралы қ.) автокөліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылады.
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ
Павлодар облысында ауа райының бұзылуына байланысты Қарағанды облысында Қызылорда-Павлодар автожолының 1135-1206 шақырым аралығындағы Қарағанды облысынан Шідерті ауылының шекарасына дейінгі учаскеде автокөліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.
Сонымен қатар компания Қостанай, Ақтөбе, Абай, ШҚО және Ұлытау облыстарының кей жерлерінде қар жаууы мүмкін екендігін, тиісінше жүргізушілерден қауіпсіздік ережесін қатаң сақтап, жолдардағы ауа райының қолайсыздығын ескеруді сұрайды.
Еске салсақ, Астанада 12 қазанда 100-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 12 адам зардап шеккен.
Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі ауа райының нашарлауына байланысты жолаушыларға үндеу жасаған болатын.