Қазақстанда Telegram құқұқ бұзатын контентті бірден өшіріп отыру үшін кеңсесін ашпақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН ЖАЙЫ
“Біз Telegram платформасымен заңсыз контентті жедел жою және деструктивті арналарды бұғаттау бойынша белсенді түрде ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Біздің заңнамаға сәйкес, енді Telegram, WhatsApp және TikTok сияқты интернет-платформалар Қазақстанда өз өкілін тағайындауға міндетті. Telegram-мен олардың өкілін тағайындау және кеңсе ашу туралы келісімге қол жеткізілді – бұл контентті бақылауды арттыруға бағытталған маңызды қадам”, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев.
Министрлік сонымен қатар Meta компаниясымен алаяқтық схемаларға қарсы күрес жұмыстарын бастап жатқанын мәлім етті.
“Интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимыл – ортақ күш-жігерді қажет ететін жаһандық міндет. Meta өкілдері Қазақстан тап болып отырған интернет алаяқтық көптеген елдер үшін ортақ проблема екенін атап өтті. Соңғы тоқсанда Meta жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, әлем бойынша 1,2 миллиард жалған аккаунтты бұғаттады” делінген министрлік хабарламасында.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ БАҚЫЛАУ
Соңғы жылдары әлеуметтік желінің қолданушылар мен қоғамға, тіпті ел қауіпсіздігіне зияны мен қаупін айтып, оны реттеу, болмаған жағдайда бұғаттау мәселелері жиі көтерілетін болған. Мәселен, АҚШ TikTok-қа осындай талап қойып отыр. Қытай билігі алпауыт компаниясына деген мұндай көзқарасты сөз бостандығын, бәсекені шектеу деп санайды.
Осыған ұқсас жағдай Қазақстанда да болып жатыр. Жуырда ғана қос депутат TikTok желісінің балаларға зияны мен залалы туралы мәлімдемелер жасап, желі әкімшісіне бірнеше талап қойып, оларды орындамаған жағдайда мүлде бұғаттау туралы бастама көтерген.
Бұрынырақта осы тағылетес талаптар фейсбук желісіне қатысты да айтылатын. Жуырда Қазақстандағы медиа сапасын арттыру бойынша жұмыс істейтін Factcheck ресурсы Meta-ның Қазақстандағы алғашқы серіктесі атанған. Алайда ресурс ақпараттық жалған я шын екенін анықтаумен айналысды. Десе де фейсбуктың Қазақстандық сегментінде кей саяси жазбалар өшіп кететін болған. Сарапшы мұны боттардың шағым түсіруімен байланыстырады.