×
524.65
552.19
5.14
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.65
552.19
5.14

Tik-Tok адам психикасын терең меңгеріп, шабуыл жасайды – сенатор

29.09.2024, 13:45
Tik-Tok адам психикасын терең меңгеріп, шабуыл жасайды – сенатор
Ашық дереккөзден

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп әлеуметтік желіде TikTok-тың балаларға деген орасан зор залалына назар аударып, кеселмен мемлекеттік деңгейде күресу керектігін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Бұл мәселе – бұрынғыдан өзгерек…” деп бастаған желідегі жазбасында сенатор Н.Жүсіп соңғы 3-4 жылда пайдаланушылар саны минуттап өсіп келе жатқан TikTok әлеуметтік желесінің орасан зор залалы туралы айтпасқа болмайтынын жеткізген.

“Мұның басқа әлеуметтік желілерден өзгешелігі – жұмыс жасау алгоритмінің адам психикасын соншалықты терең меңгеріп, соған мақсатты түрде шабуыл жасауында. Бүгінгі таңда қолында смартфоны бар бастауыш сынып оқушысынан бастап егде тартқан қартқа дейін TikTok қосымшасын белсенді пайдаланады. Оның барлығы осы қосымшаның жасанды интелектіге негізделген алгоритмдерінің құрбаны болып отыр.

Біріншіден, TikTok желісінің алғашқы бетіне шығатын контенттер хронологиялық негізде емес, миға жеңіл, мәні жоқ, көп қаралған материалдардан тұрады. Қысқа видеолардың миға тартымдылығы сондай, бірінен соң бірін сырғытып отыруға итермелейді. Қорқыныштысы – қосымша автоматты түрде сіздің миыңызда қандай контентке қызығу барын бірден анализ жасап, әп сәтте сол мәндегі видеолардың түр-түрін ұсынады, дейді сенатор.

Қысқасы нені көп көрсең, Tik-Tok соған ұқсас дүниені алдыңа қайта-қайта шығара береді.

“Психикалық денсаулық тақырыптарына қызығушылық танытатын пайдаланушыларға платформа алгоритмі жағымсыз эмоциялардың күшеюіне әкелуі мүмкін ұқсас бейнелерді ұсынуын жалғастырады. Халықаралық Amnesty International ұйымының Алгоритмдердің ашықтығы институтымен бірлесе отырып жүргізген зерттеуі әр бір сағатта қаралған материалдардың тең жартысы міндетті түрде психикалық денсаулыққа қауіпті контенттер екенін көрсетіпті”, деген сенатор желіге жастар ғана емес, егде жастағы азаматтар да шырмалып қалғанына қынжылды.

Сондай-ақ Сенат депутаты бұл қосымшаның балалардың білім алуына кедергісіне тоқталды.

АҚШ зерттеулері көрсеткендей, TikTok-қа тәуелді студенттердің білім беру нәтижелері төмен, олардың зейіні және орындау тәртібі нашар болған.

“Сонымен қатар қосымша балалар арасындағы негізсіз, қауіпті мінез-құлықты мақұлдайтын челлендждерді шектен тыс насихаттауды азайтпай келеді”, деген сенатор ​TikTok-тың тағы бір сорақысы ретінде оның монетизациясын атапты.

Н.Жүсіп TikTok-тағы мән мағынасы жоқ батлл жайлы ой қозғап, өз номерін жазып қойып ашықтан ашық қайыр тілеп отыратын жап жас-зіңгіттей жігіттер біздің қоғамда масылдар мен интернет қайыршылардың жаңа армиясын қалыптастырып жатқанына ашулы.

“Бұлардың саны күн санап өсіп келеді. Бүгін де жастар арасында осыларға қарап отырып жұмыс жасамай, маңдайы терлемей қарап отырып баюды немесе еңбек етпей нан табуды ойлайтын адамдардың қарасы кобеюде”, дейді Сенат депутаты.

Сенатор бүгінде бұл топтың бел ортасында белгілі ақын, сазгер, әнші-күйшілер де өріп жүргеніне алаңдаушылық білдірген. Сондай-ақ ол мәселеге халықаралық тәжірибені зерделей отырып мемлекеттік деңгейде араласпасақ, арты насырға шабар түрі бар дейді.