×
524.58
551.91
4.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.58
551.91
4.93

Талғардағы трагедия. «Хутор» ауылы тұрғындары Хасанды қорғап үндеу жасады

14.10.2024, 16:36
Талғардағы трагедия. «Хутор» ауылы тұрғындары Хасанды қорғап үндеу жасады
Ulysmedia коллажы

Талғар ауданы Рысқұлов ауылында (бұрынғы Хутор) шамамен 60 шақты адам жиналып, жұртқа видеоүндеу таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҮНДЕУ 

Видеоны DALA INSIDE таратты. 

Рысқұлов ауылы тұрғындарының үндеуінде былай дейді:

Біздің ауылға өте қиын тиіп тұр. Қаза болған баланың әкесіне қайғырып, көңіл айтып жатырмыз. Жатқан жері жайлы болсын. Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді дейді, ауыл болғаннан кейін неше түрлі болып жатыр. Біздің ауыл кішкентай болғанымен, өте ұйымшыл. Су тасқыны кезінде үш күнде 2,5 млн теңге жинап берді. Өз қолыммен сол ақшаны мұқтаждарға табыстағанмын. Халық біледі. Қаңтар оқиғасы кезінде бүкіл Талғар үндемей жатқан кезде осы ауылдың жігіттері жиналып, Азат жаққа біреу кіріп кетпесін деп, біздің ауылдың жігіттері тұрған. Ауылға арандатушы келмесін дедік.

Таяқтың да екі ұшы болады. Соңына дейін шыдап, жаман сөздер айтпаса екен. «Отметка талап етті» деген кісілер зарлай бермей, құқық қорғау органдарына жазсын. Тексерсін. Содан кейін ғана шулатсын. Үйде отырып, анау-мынау деген сөздерді қою керек. Хасан деген осы ауылдың бірлігіне, тірлігіне шапқылайды. Мектепке көмектеседі. Мешітке де. Шапқылап жүрген жігітті қаралап жатыр. Шерзат марқұмның ісі далада қалды. Түсінбей қалдым. Інісі отырса, отырған шығар. Істеген қылмысы үшін отыр. Шулатып, адамды ауру қылатын болды. Бәріңіз де жігітсіздер. Дәлел бар ма, келіңдер, «Хасан бүйткен, сүйткен» деген не керек? Айтыңдар, келіңдер, ұстап беріңдер. Ары қарай құқық қорғау органдары алып кетеді. Отыз адам бір адамды жаман десе, анау адам жаман болып қалады. Сол үшін сондай әңгімелерді доғарайық. Мынаны естігелі бүкіл ауыл жылап отыр. Мынау сұмдық болды.

Өз ауылымызда жетім-жесірді жылатпаймыз. Бізде өзімізде кішігірім қор бар. Ауырып жатқандарға, операциясына. Халық біледі. Қай ауылда ондай бар? Мейлі үй өртеніп кетсе, үш күнде жинала салады. Кемпір-шалдарға дейін 1000-2000 теңгесін әкеп береді. Ондай ұйымшыл ауыл қайда бар екен? Бір ауыз сөз айтылса, таксист, мұғалім, зейнеткерің бар, бизнесмені бар – бәрі жиналады. Біз сондай ауылмыз. Енді келіп, сондай сөз айтуға әркімнің құқығы жоқ. Бізді қараламасын. Қазақ елі мұндайды қойыңыздар. Бүкіл Қазақстанда мұндай тіршіліктер болып жатыр.

Бала кетті. Қайғырып, көңіл айтамыз. Біз де ашық сотты талап етеміз. Бас прокуратурадан сұрайтыным, дүкендегі видеосын жария етсін. Сонда ғана халық тынышталады. Халық сол кезде сенеді. Сол видеоны халыққа көрсетсінші. Одан басқа ештеңе керегі жоқ. Біздің інілеріміздің, балаларымыздың қателігі үшін қазақ халқынан кешірім сұраймыз. Біздің ауыл ондай емес.  

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. 

Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.

12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.