Әскерде жараланған Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатқанын сарбаздың адвокаты Инга Иманбай хабарлады, деп жазады деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АДВОКАТ НЕ ДЕЙДІ
Инга Иманбайдың хабарлауынша, Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалған. 1 қазан күні қаулы шығып, негізгі қылмыстық істен бөлек дәрігерлердің іс әрекетіне қатысты қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталған. Ол іс бойынша да сараптама тағайындалған.
– Негізгі іс бойынша сараптама нәтижесін күтіп жүрміз. Тек қана Сіздердің қолдауыңызбен әділеттілікті талап етуді жалғастырамыз, – деп жазды Инга Иманбай.
ЕРБАЯННЫҢ ОҚИҒАСЫ
Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланда мерзімді әскери қызметте жүріп жараланған. Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде былтыр құлап, комаға түскен, биыл сәуірде оянған сарбазды туған-туыстары Астанаға жеткізе алмаған еді. Ulysmedia.kz редакциясына хабарласқан олар президенттен көмек сұрап, үндеу жариялаған. Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың әкесі де, шешесі де бұл нұсқаға сенбейді.
Ербаян Мұхтарды Түркияға Қорғаныс министрлігінің арнайы бортымен жеткізілді. Сарбаз Ыстанбұлға аман-есен жетіп, “Медикал-Парк” клиникасына жатқызылған. Ол дәрігерлердің қарауында қажетті ем қабылдап жатыр.