Қасым-Жомарт Тоқаев Айқұрман Омарбековті Қазақстан Қарулы күштері бас штабының бастығы – қорғаныс министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Омарбеков жаңа қызметке тағайындалғанға дейін басқа лауазымды атқарған. Ол осы өкіммен аталған қызметінен босатылды.
– Мемлекет басшысының өкімімен Айтқұрман Жоламанұлы Омарбеков Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері бас штабының бастығы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, – делінген құжатта.
Айтқұрман Омарбеков кім?
Айтқұрман Омарбеков 48 жаста. Ол әскери қызметін 1997 жылы Республикалық ұлан қатарында бастап, 2014 жылға дейін осы құрылымда қызмет етті. Кейін Мемлекеттік күзет қызметіне ауысып, онда түрлі офицерлік және басшылық қызмет атқарды.
2022 жылғы қаңтарда, қаңтар оқиғаларынан кейін бірден Омарбеков Арнайы мақсаттағы күштердің қолбасшысы міндетін атқарушы болып тағайындалды. Сол жылдың ақпанында Тоқаев оны осы қызметке ресми түрде бекітті.
Омарбеков Ресей қорғаныс министрлігінің әскери университетін «моральдық-психологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастыру» мамандығы бойынша және Еуразия гуманитарлық институтын «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Ол Мемлекеттік күзет қызметінің генерал-майоры, «Айбын» орденінің I және II дәрежелерімен марапатталған.
Басштаб басшысы неге ауысты?
Бұл тағайындау армия басшылығындағы ауқымды кадрлық өзгерістерден кейін жүзеге асты.
24 қыркүйекте Каспий теңізінде өткен «Хазар қорғаны-2026» оқу-жаттығуы кезінде ауа райының күрт нашарлауынан 17 әскери қызметші теңізге ағып кеткен. Оның үшеуі ғана аман қалып, 14 адам қаза тапты.
Қайғылы оқиғадан кейін Тоқаев әскери қызметшілердің қаза болуын офицерлер мен генералдардың қылмыстық салғырттығы мен кәсіби біліксіздігінің салдары деп атады.
Тоғыз күн ішінде армия басшылығындағы төрт негізгі тұлға қызметінен ауыстырылды.
– Біздің армия өткен ғасырда тұрып қалған. Басқару жүйесін озық халықаралық тәжірибеге сәйкес толығымен қайта құру қажет, – деді Тоқаев.
27 қыркүйекте президент қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатып, оның орнына Айдос Мырзахметовті тағайындады.
3 қазанда Қарулы күштер бас штабының бастығы Қаныш Әбубәкіров, қорғаныс министрінің тыл жөніндегі орынбасары Алмаз Жұмаеков және Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков қызметтерінен босатылды.
Дәл осы оқу-жаттығуларға Ниязбеков басшылық еткен. Алайда Тоқаевтың айтуынша, қайғылы оқиға болған күні ол оқиға орнында болмаған.
Қазір бұл факті бойынша қылмыстық тергеу жүріп жатыр. Әскери-теңіз күштері штабының бастығы Данияр Хайрушевті қоса алғанда, бес әскери қызметші Ақтаудағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қызметіне салғырт қарады және кеме жүргізу ережелерін бұзды деген айып тағылып отыр.