Бүгін Талғардағы төбелесте қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың ісін тергеу барысына байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Оның барысында қоғамды мазалаған кей сұрақтарға жауап берілсе, кей маңызды сұрақтар әліге дейін жауапсыз қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ВИДЕОНЫ КІМ ТАРАТҚАН
Жауапсыз қалған сұрақтардың бірі осы. Құқық қорғау органдары кеше әлеуметтік желіде тараған дүкендегі видеоүзіндіге байланысты пікір білдіріп, толық нұсқасы делінген жазбаны көрсетті.
Тергеу барысындағы маңызды айғақ болып саналатын бейнежазбаның таралуын Ішкі істер министрінің орынбасары Бауыржан Әленов түсіндіре алмады. Тек аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталатынын жеткізді. Белгілісі сол видео толықтай тергеу орындарының құзырында болған.
ВИДЕОДА НЕ БАР
Видеода дүкеннің ішінен және сыртынан түсірілген жазбалар көрсетілген. Алайда дыбыссыз жазбадан жанжал неден басталғанын түсіну мүмкін емес. Оның үстінен кей оқиғалар дүкеннің сыртына қойылған камерадан тыс өтіп, жазбаға енбеген. Бірақ бастапқыда тараған күдіктілер сыраның ақысын төлемеді деген ақпарат расталмаған. Бейнежазбадан күдіктілер делінген адам алған заттарының ақысын төлегені байқалады. Алайда осыдан кейін сыртта түсініксіз себеппен жанжал басталған. Жазбадан күдікті делінген адамдардың бірінің беті-басы қанап, Қаржаубай Нұрымов оған су ұсынып, бетін жууға көмектескені, марқұм баласына қарап бірдеңе деп жатқаны көрінеді. Одан кейін видео дүкен үшінде жалғасып, сырттан тағы шу естіледі. Осы кезде марқұмның әкесі қолына үшкір зат алып дүкеннен шығып, оны Шерзат тоқтатады. Видеода Нұрымовтың қолындағы нәрсе пышақ деп жазылған. Артынша тараптар сөйлесіп, біріне бірі әлденені түсіндіріп жатқандай. Келесі кадрда Қаржаубай Нұрымов дүкеннен қолына бірдеңені ұстап жүгіре шығады, ал дүкеннің алдында бірнеше адам тұр. Олардың бірі Қаржаубай Нұрымов тұрған дүкеннің есігіне қарай аяқпен соққы жұмсайды. Мұнда марқұм Шерзат көрінбейді. Келесі кадрларда марқұмның әкесі дүкенге кіріп-шығып жүргені, қыздардың бірі жанжал қатысушысын құшақтап арашаламақ болғаны, Шерзаттың бірнеше адаммен алысып жатқаны көрінеді де, бір мезетте бәрі камера түсірмейтін жаққа қарай кетіп, видео осымен аяқталады.
Бауыржан Әленов оқиға орнынан түсірілген видеоның толық нұсқасы осы екеніне, еш жері қиылмағанына сендіреді.
ТАҒЫ БІР ВИДЕО БАР
Вице-министрдің сөзінше, төбелестің алғаш тараған видеосы да тергеу орындарында. Ол жерде кездейсоқ куәлер көпқабатты ғимараттан төбелес сәтін түсіріп алған. Дәл осы жерде Шерзатты өлтірген делінеді. Алайда ол видеоны журналистерге көрсетпеді.
ЖАНЖАЛДЫҢ СЕБЕБІ
Полицияда әзірге жанжалдың нақты себебіне қатысты нұсқа жоқ. Видео мен оның қатысушыларынан жауап алынып жатқаны айтылды. Ұсынылған бейнежазбадан да конфликт неден туғанын анықтау мүмкін емес.
КҮДІКТІЛЕР САНЫ АРТҚАН
Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Шерзаттың қазасына байланысты “кісі өлтіру” және “бұзақылық” бабы бойынша іс қозғалғанын, оның аясында 10 күдікті барын мәлімдеді. Бұған дейін 7 күдікті ұсталғаны хабарланып, жәбірленуші тарап жанжал қатысушыларының саны 13 екенін, арасында қыздар да барын жеткізген. Ал құзырлы органдардар тергеу орбитасында 12 адам барын, оның ішінде 10-ы күдікті, екі қыз бала қорғану құқығы бар куәгер ретінде танылғанын мәлімдеп отыр.
АШЫЛҒАН ӨЗГЕ ІСТЕР МЕН ТЕКСЕРІСТЕР
Баспасөз мәслихатында марқұмның туыстарын қорқыту фактісі мен қылмыс туралы хабарламау дерегіне байланысты қылмыстық істер ашылғаны белгілі болды.
Одан бөлек күдіктілердің қатарындағы пробациялық бақылауда болған адам үйінде болуға тиіс уақытта сыртта жүргеніне байланысты қызметтік тексеріс басталған.
БӘРІН ҚЫЗЫҚТЫРҒАН “ХУТОР” МЕН “ХАСАН”
Жиын барысында ең көп қойылған сұрақ - Талғарды жұмса жұдырығында ұстап отыр делінген «ХУТОР» қылмыстық тобының айналасында болды. Олар кім, іске қандай да бір қатысы бар ма, артында Хасан Қасымбаев деген азамат тұрғаны қаншалықты шындық деген сияқты. Алайда ішкі істер вице-министрі де, облыстық прокурор да “Хутор” деген қылмыстық топтың барын жоққа шығарып, күдіктілердің бәрінің таныстары мен контактілері тексерілгенін, қылмыстық топтың жетекшісі делінген Хасан Қасымбаевпен ешқандай байланысы анықталмағанын мәлім етті. Сөздерінше, Хасан Қасымбаев бұрын істі болмаған.
“Қазақстанда заңдық тәптіп орнаған. Қазақстанның барлық тұрғыны осы тәртіпке бағынады деп ойлаймын. ҰҚТ, олардың есебі, ҰҚТ айналысатын тұлғалар деген жоқ. Іс аясында ұсталғандардың ауызша портретін айтып берейін, ұсталғандардың екеуі ипподромда, бірі тау шаңғы курортында, екеуі сулулық салонында істейді”, деді Бауыржан Әленов.
Ал облыс прокуроры Берік Адамов “Хуторлықтар” деп Хутор ауданының адамдарын айтады деді.
“Бәрі “Хуторлық” ҰҚТ туралы айтады. Талғарда осындай аудан бар. Мүмкін тұрғындардың бәрі сол жақтағыларды “хуторлық” атап кеткен шығар. Сол сөйтіп жатталып қалған болуы мүмкін. Бірақ Бауыржан Әленов айтып өткендей, бүгінде ол жақта ондай ҰҚТ жоқ” деді прокурор вице-министрдің сөзін қайталап.
ӨРТ
Берік Адамов тергеу марқұмның әке-шешесі тұрған үйде болған өртті “біреу өртеген” деген нұсқаны қарастырып жатқанын, өрт сырттан басталғанын хабарлады. Үй аумағынан канистр мен резина қолғаптар табылған. Оның сөзінше, 600 адамнан жауап алынып, бірнеше сараптама тағайындалған.
ҮЙ НЕГЕ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН
Облыс прокурорының сөзінше, Нұрымовтар әулеті патрульдеу бойынша өтінішпен жүгінген.
“Кешкі 7-8-дерде өздерін күзету туралы арыз берді. Ал өрт арада 5 сағат өткеннен кейін болды. Күзет қойылған кезде ол нысанға емес, адамға қойылады. Ал үй ана жақта екенін тергеу органдарына ешкім айтқан емес. Кісі өлтіру орны оның (Шерзаттың - ред) атасы тұрған жердегі дүкенде болған. Патруль көлігі дәл сол жаққа қойылды. Ол кезде біз қандайда бір қауіп туралы білмедік, алдын ала алмадық. Үйді өртеу себебін әзірге айта алмаймыз. Өйткені сараптама тайындалып, сарапшылар жұмылдырылған. Біз күтіп жатырмыз” деді Берік Адамов.
Сондай-ақ ол жиын барысында прокуратура сотты ашық өткізу туралы өтініш беретінін мәлім етті.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.
Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді.
Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.
Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.
12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.