×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Жанжал кезінде ерімен бірге әйелін қамауды ұсынған депутат инфосығандарға шүйлікті

16.10.2024, 14:22
Жанжал кезінде ерімен бірге әйелін қамауды ұсынған депутат инфосығандарға шүйлікті
Ulysmedia

Мәжіліс депутаты Амантай Жарқынбектің айтуынша, түкке тұрғысыз дүниені түйенің құнына өткізіп жіберетін алаяқтар өзінің де сөздің де қадірін кетіріп болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

– Біз қазір интернет білім мен ақпараттың көзі ғана емес, жалған ақпарат пен алдап-арбаудың, орынсыз бопсалап, адам өмірін тас-талқан етудің құралы болып отырғанын көріп жүрміз. Блогерлікті бопсалау мен қыспақтаудың құралы қылып, біреудің абройын төгіп, сүрінгенін суреттеуді батырлыққа балап жүргендер баршылық, – дейді депутат.

Амантай Жарқынбектің бірнеше мысал келтіреді. Мәселен, таяуда Атырауда соңы қайғылы жағдаймен аяқталған оқиға. Ол қоғамдық тәртіпке бағынуға шақырған күзетшінің ар-намысын аяусыз таптаған блогерсымақтың әрекетінен соң азаматтың қан қысымы көтеріліп, жүрегі тоқтап қалғанын атап өтті.

– Сөз-сүйектен өтеді. Ақыры орынсыз дарақылықтың салдарынан бір әулет қара жамылды. Жалпы мемлекеттік қызметте немесе ел алдында жүрген азаматтардың басқан қадамын аңдып, көп алдында масқаралап хайп қуу әдеткі дүниеге айналды.

Қоғамды дүрліктірген тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік желілердегі арзан ақыл, сапасыз білім сатқыш, білгіштердің көбеюі. Байқап қарасақ, әлеуметтік желілерде «бақытқа жету жолын көрсетемін, жылдам баюды үйретемін, күйзелістен құтқарамын, түпсанаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдырамын,  тез арықтатамын, шет тілінде сайратып жіберемін» деген секілді сан түрлі курс, вебинар, тренинг сатушылар – блогер, бизнес-тренер, коуч, психолог, мотиваторлардың жарнамасы желдей есіп, сауданың көрігін қыздыруда, – дейді ол.

Амантай Жарқынбектің айтуынша, «аңқау елге арамза молда» демекші олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар. Оларды ауызекі тілде «инфосығандар» деп атайды дейді ол.

– Олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие рәсімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып қалғаны да жасырын емес. Елдің еңсемді көтерсем деген адал үмітін арам жолмен пайдаға айналдырғандарды қалай атауға болады. Бұлардың ешбір сүзгі мен қадағалаудан тыс өткізіп жүрген сабақтарының кесірінен талай отбасының шаңырағы ортасына түсті. Кейуананың бір ауыз сөзі келінді тәрбиелеген ұлтымыздың отбасы құндылығын кім көрінген өзінше түсіндіріп, шаңырақтардың шырқын алды. Өз тағдырын түзей алмағандар өзгенің киелі табалдырығана төрелік айтып бағуда, – деді Амантай Жарқынбек.

ОЛ НЕНІ ҰСЫНАДЫ

Депутат кейбір деректерде еліміздегі осындай инфо бизнестің жылдық айналымы 500 миллион АҚШ долларын құрайтыны айтылғанын жеткізді. Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 миллард долларға жетуі мүмкін дейді.

– Айтпақшы, олар мемлекетке салық төлей ме өзі?! Тіпті инфосығандардан мезі болған жұртшылық оларға тыйым салу мақсатында 2023 жылдың 23-ші қарашасында петиция да жариялаған екен. Өкінішке орай қараусыз қалса керек, – дейді ол.

Депутаттың пікірінше, инфобизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясын және заңдылығына, оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейтіп, заң бұзушылықтарға жедел әрекет етуі қажет. Екіншіден, «онлайн Платформа және онлайн жарнама туралы» заңға сәйкес, жауапкершілікке тартуда уәкілетті органдарға тиісті уәкілеттік толық берілуі тиіс. Осы уақытқа дейін аталған заң аясында қанша адам жауапкершілік жүктегені жайлы статистиканы ашып көрсету маңызды деп есептейді ол. Амантай Жарқынбек сонымен қатар, бизнес-тренерлер мен коучтер үшін арнайы, кәсіби стандарттар бекітілуі тиіс деп есептейді.

Амантай Жарқынбектің аты былтыр тұрмыстық жанжал кезінде ерімен бірге әйелді де 15 күнге қамау керек деген кезде шыққан еді. Ол тұста Мәжілісте тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі талқыланып, мұның арты біршама дауға ұласқан. Депутат Амантай Жарқынбек ер адамдарға қарсы жауапкершілікті күшейтуден пайда жоқ десе, отырысқа келген әйелдер қауымы оған қарсы аргумент келтіріп айтысты

Естеріңізге сала кетейік, Ulysmedia.kz редакциясы бұған дейін Қазақстанда қанша блогер салық төлейтінін және олардың қаншасы төлеуден жалтарып жүргенін жазған еді.