×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Ұлттық қауіпсіздік Барысы» республикалық жарысы басталды

17.10.2024, 15:45
«Ұлттық қауіпсіздік Барысы» республикалық жарысы басталды
дереккөз

Қызылорда қаласында қазақ күресінен арнаулы және құқық қорғау органдары, күштік құрылымдар арасында ҰҚК Төрағасының жүлдесіне арналған «Ұлттық қауіпсіздік Барысы»  республикалық жарысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысушыларға сәттілік тілеп, Сыр спортының жетістіктерін атап өтті.

Елімізде тұңғыш рет қазақ күресінен арнаулы және құқық қорғау органдары, күштік құрылымдар арасында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының жүлдесіне арналған «Ұлттық қауіпсіздік Барысы» дүбірлі додасы басталды. Ерекше маңызы бар республикалық жарыстың біздің өңірден бастау алғанына ризашылығымызды білдіреміз. Ел спортының дамуына Сыр спортшыларының қосқан үлесі мол. Биыл ұлттық құрамаға облыстан 690 спортшы қосылды. Жыл басынан бері аймақ спортшылары республика чемпионаттары мен кубоктарынан 668 медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаттары мен кубоктарынан 93 медаль иеленді. Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғағандардың барлығы дерлік жоғары нәтиже көрсетті – деді облыс басшысы.

Спорт – сан қырлы сала. Ондағы мәселелер мемлекеттің ғана емес, жан-жақты қолдау арқылы шешіледі. 

Мұны ет-жүрегімен сезінген жанашыр жерлестеріміздің арқасында аймағымызда көптеген жаңа нысан құрылысы жүруде, алдағы уақытта да ауқымды жоспарымыз бар. Жуырда ғана сол жағалаудан Үстел теннисі орталығын ел игілігіне табыстадық. Бүгінде халықаралық стандарттарға сай 10 мың орындық Орталық стадионның құрылысы қарқынды жүруде. Жастар мен балаларды үйірмелермен қамтуға мүмкіндік беретін «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені салынады.  Сондай-ақ, 10 кешеннің құрылысы басталды. Көшпелілер күресінің басты қағидасы қашанда әділеттілік болған. Сондықтан да қазақ күресінің тәрбиелік маңызы зор. Бүгін күш-қайраттарыңызды көрсетіп, жарыс көрігін қыздырыңыздар! Қорқыт бабамыздың рухы дем беріп, батырлар мен баһадүрлердің киесі қолдасын! Бақ пен бап қатар шапсын деп тілеймін! Ел іргесі берік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!, – деді Н.Нәлібаев.

ҚР ҰҚК Кадрлар департаментінің бастығы Алмас Бекішов пен ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Азамат Ищанов адамның рухын асқақтататын, ар-намыс пен қара күшті бойына тоғыстырған нағыз ерлер сыналатын сайыста палуандарға сәттілік тіледі. Жарыс қонақтары қатарында «Қазақстан барысының» жеңімпаздары Бейбіт Ыстыбай мен Мақсат Исағабылов бар.

Айтулы бәсекеге 9 командадан, атап айтсақ, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінен, ҰҚК Шекара қызметінен, Мемлекеттік күзет қызметінен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен, мамандандырылған күзет қызметі басқармасынан, Қылмыстық түзеу жүйесі комитетінен 45 спортшы қатысуда.

Жарыс 66, 74, 82, 90, 100 келі салмақта командалық есеп бойынша өткізіледі. Палуандарға 10 төреші әділ бағасын береді. Олардың қатарында ұлттық дәрежедегі төрешілер бар. Бозкілемдегі бәсеке кешке дейін жалғасады.